Ахмет Алпысбайұлы (1 тамыз 1897, Текес, Райымбек ауданы, Алматы облысы – 1972, Алматы) – қазақ революционері, қоғам және партия қайраткері.
Өмірбаяны
Ахмет 1897 жылы Алпысбай деген ұстаның жанұясында тұңғыш перзенті болып дүниеге келді. Ұлы жүз Албан руынан тарайды.
Әкесі Ахметті 12 жасында Нарынқолда ашылған орыс-қазақ мектебіне апарып оқытқызады. "Сыныптағы 20 баланың ішінде 5 бала бірге жүріп, бірге жатып жүрдік, жақсы оқыдық. Олар: Ыдырыс Көшкінов, Сұраншы Сауранбаев, Әділжан Нәдірбеков, Мұхаметқали Беласаров және мен, Алпысбаев Ахмет" - деп естелігінде жазады. 1916 жылы бұл мектепті үздік бітіріп шығып, сол жылы Қарқарада өткен ұлт-азаттық көтеріліске қатысты. Әкесі Алпысбай елу басы қызметін атқарып, бұл көтерілісті ұйымдастыруға атсалысқан. Дегенмен, көтеріліс жеңіліске жеткен соң, Нарынқол мен Кеген албандары Қытайға көшуге мәжбүр еді.
Қытайда қуғын көрді. 1917 жылы Қазан төңкерісінен кейін кеңестер билігі бекінген соң, 1918 жылы туған ауылына оралады.
Қызметі
1920-1921 жж. Жәмеңке ауылдық (Нарынқол ауылы) революциялық комитет хатшысы;
1921-1924 жж. Байынқол болыстық (қазіргі Райымбек ауданы) революциялық комитетінің төрағасы;
1924-1927 жж. Жаркент уездік атқару комитетінің нұсқаушысы (1924-25), уездік жер бөлімінің меңгерушісі және жер бөлімінің бастығы (1925-27).
1926 жылғы қазан айында коммунистік партия қатарына кірген.
1927-1928 жж. Жаркент уездік атқару комитетінің төраға орынбасары;
1928-1929 жж. жаңадан құрылған Қарқара уездік (қазіргі Кеген ауданы) және Іле аудандық атқару комитеттерінің төраға орынбасары;
1929-1930 жж. Қарқара аудандық атқару комитетінің төрағасы;
1929–1931 жж. жаңадан құрылған Іле аудандық атқару комитетінің төрағасы; Қазақ АКСР Орталық Атқару Комитетінің мүшесі;
1931 жылғы ақпан-желтоқсан Түркістан облысы, Сарыағаш ауданындағы "Қаратас" МТС директоры;
1931-1932 жылы Максимо-Горьковск аудандық (қазіргі Павлодар облысы, Тереңкөл ауданы) атқару комитетінің төрағасы;
1932-1933 жж. Кеген аудандық жер бөлімінің бастығы;
Тұлғалығы
Қазақ, әзербайжан, түркімен, татар, орыс, өзбек тілдерін жетік білген.
Ахмет Алпысбаевтың құрметіне туған Текес ауылында көшенің аты берілген.
Інісі – қоғам және партия қайраткері Айтақын Алпысбаев.
- Райымбек ауданында туғандар
- Іле ауданы тұлғалары
- 1897 жылы туғандар
- Саяси қуғын-сүргін құрбандары
- Райымбек ауданы тұлғалары
- Революционерлер
- Ұлт-азаттық қозғалыстар қатысушылары
- КОКП мүшелері