Бақтыбай батыр (1720, кейбір деректерде 1698 — 1780) — аға батыр, қолбасшы.
Қазақ-қалмақ соғысында Әбілқайыр ханның сенімді серігі болған. Руы — шекті. Әкесі — Төлес би. Бақтыбай батыр 15 жасында Әбілқайыр жасағының құрамында шайқасқа қатысып, ерлігімен көзге түскен. Есет батырдың қолдауымен шекті жасақтарына қолбасшы болып тағайындалады. Есімі сарбаздардың жауынгерлік ұранына айналады. Бақтыбай батыр бастаған жасақтар Бұланты және Аңырақай шайқастарында жауды жеңуге үлкен үлес қосқан. М. Тевкелевтің Ресей сыртқы істер министрлігіне жазған құпия хатында (1732 жылы 20 маусым) полковник Гарбердің басшылығымен Ресейден Бұхара мен Хиуаға бет алған 500 түйелі керуенін Бақтыбай батыр басып алып, дүние-мүлкін жергілікті елге таратып бергені баяндалады. Бақтыбай батырды жергілікті халық “Әлім Қарасақал әулие” деп те атайды. Бақтыбай батыр майданда қаза тапты. Жем өзені бойындағы “Қарасақал әулие” зиратына (Ақтөбе облысы Байғанин ауданы Ақжар ауылы) жерленген. Батырдың туғанына 200 жыл толуына байланысты бейітінде кесене тұрғызылды. Соңғы деректер бойынша, Бақтыбай батыр Ырғыз ауылы, Дүкен ауылынан 70 шақырым жерде, Өлкеаяқ өзенінің жағасында жерленген. Оның немересі Амалдық, шөбересі Кішкентайдың да осы өзеннің жағасында жерленгені анықталды. Әкесі Төлестің бейіті Торғай өзенінің жағасында екені белгілі болды. Ұлы Асан Ырғыз ауданында Бақтыбай құмында жерленген.
- 1698 жылы туғандар
- 1780 жылы қайтыс болғандар
- Қазақ батырлары
- Қолбасшылар
- Байғанин ауданында қайтыс болғандар