| Берік сүттіген | ||||||||||||||
|---|---|---|---|---|---|---|---|---|---|---|---|---|---|---|
| Ғылыми топтастыруы | ||||||||||||||
| ||||||||||||||
| Екі-есімді атауы | ||||||||||||||
| Euphorbia sclerocyathium Korovin & Popov | ||||||||||||||
| Синонимдері | ||||||||||||||
| Sclerocyathium popovii Prokh. |
Берік сүттіген (лат. Euphorbia sclerocyathium) – сүттіген туысына жататын бұта. Үстірттің солтүстік-батысында, Маңғыстау түбегіндегі Қауынды ойысы мен Сеңгір құмында өседі. Биіктігі 25 — 50 см. Сабағының төменгі бөлігі сүректенген. Бұтағын сындырғанда сүт бөлінеді. Жапырақтарының ұшы үшкір, бүтін жиекті, эллипс немесе ланцет тәрізді. Ұзындығы 3 — 15 мм, ені 2 — 6 мм. Гүлдері дара жынысты, бір не екі үйлі. Гүл шоғырының 2 орам жапырағы бірігіп, сырты жалаңаш, ішін қалың түк басқан қоңырау тәрізді дене түзеді. Осы денеге байланысты бұл өсімдік берік сүттіген деп аталады. Гүл шоғырының ұшында бір аналығы жетіледі. Оның түйіні — үш ұялы. Аталық гүлдері қоңырау тәрізді, орам жапырақтарының қойнауында топталып жетіледі.
Берік сүттіген тұқымынан көбейеді. Мамыр — тамыз айларында гүлдеп, шілде — қазанда жемістенеді. Жемісі — үш жаңғақша. Тұқымдары жұмыртқа тәрізді, ұзындығы 2 — 3 мм, ашық сұр түсті. Берік сүттіген өте сирек кездесетін, реликт өсімдік болғандықтан, Қазақстанның “Қызыл кітабына” енгізілген. Берік сүттіген — мал жемейтін улы өсімдік. Гүлінен аралар бал жинайды.
- Сүттігендер
- Қазақстан табиғаты