Дия Ахметұлы, Дияқажы, шын аты - Мұхамедия (1.3.1871, Қарағанды облысы Шет ауданы, бұрынғы Ақшатау болысы (Семей облысы) - 13.6.1931, Қарқаралы қ.) - ақын.
Арғын тайпасы, Қаракесек руының Керней бұтағынан шыққан. Есімі мен шығармалары ел есінде сақталып келген. Кеңес дәуірі кезінде Дияның көзқарастары саясатқа сәйкес келмегендіктен әдебиет тарихына енбей қалған. Жоңғар шапқыншылығынан елі мен жерін қорғаған Жарылғап батырдың ұрпағы.
Оқу жолындағы ізденісін ауыл молдасынан бастап, Уфадағы медресені тәмамдаумен аяқтайды. Стамбул қаласында болып, кітапханасындағы мол мұралармен танысады. Дия арнаулар мен толғаулар шығарып, айтыстарға қатысқан. Арнаулары мысқылға, кекесінге құрылған, "Бабасқа", "Түсетайға", "Сапарғалиға" деген өлеңдерінде жеке адамдардың кескіп-кейпін бейнелесе, "Ағайынға", "Туған жер" толғауларында елдің тыныс-тіршілігін шыншылдықпен суреттейді. Бабас ақынмен айтысы (1923) өткір тілмен, шындықты бетке айтқан турашылдығымен ерекшеленеді. Дия өз өлеңдерінде ауыз әдебиетінің шағын жырларын (қоштасу, жоқтау, т.б.) байытуға мол үлес қоса білді.
- 1 наурызда туғандар
- 1871 жылы туғандар
- Шет ауданында туғандар
- 13 маусымда қайтыс болғандар
- 1931 жылы қайтыс болғандар
- Қарқаралыда қайтыс болғандар
- Қазақ ақындары
- Қазақстан ақындары
- Айтыс ақындары