Қолдау
Тегін жүктеу және ақпараттық платформа

Кирстен Кэролайн Данст (ағылш. Kirsten Caroline Dunst, [ˈkɪərstən dʌnst]; 30 сәуір 1982 жыл, Нью-Джерси) — америкалық және германиялық киноактриса, сценарийші,

Кирстен Данст

Уикипедия — ашық энциклопедиясынан алынған мәлімет
Кирстен Данст
ағылш. Kirsten Dunst
Сурет
Данст, 2016 жыл
Жалпы мағлұмат
Туған кездегі есімі

Кирстен Кэролайн Данст (ағылш. Kirsten Caroline Dunst)

Туған күні

30 сәуір 1982 (1982-04-30)(44 жас)

Туған жері

Пойнт-Плезант, Ошен округі, Нью-Джерси, АҚШ

Азаматтығы

 АҚШ
 Германия

Мамандығы

актриса, сценарийші, режиссёр, кинопродюсер, модель, әнші

Белсенді жылдары

1989–

Марапаттары

«Сатурн» (1995, 2012)

IMDb

ID 0000379

Ортаққордағы Кирстен Данст

Кирстен Кэролайн Данст (ағылш. Kirsten Caroline Dunst, [ˈkɪərstən dʌnst]; 30 сәуір 1982 жыл, Нью-Джерси) — америкалық және германиялық киноактриса, сценарийші, режиссёр, продюсер, модель және әнші.

Ол 1994 жылы «Вампирмен сұхбат» фильмінде Клодия рөлін сомдап, он екі жасында көпшілікке танымал болды, ол үшін Сатурн сыйлығын алды, сонымен қатар «Алтын глобус» сыйлығына ұсынылды.

Жастық шағы және білімі

Кирстен Кэролайн Данст 1982 жылғы 30 сәуірде, Пойнт-Плезант, Нью-Джерсиде, Инез Кэролин Руппрехт және Клаус Герман Данст отбасында дүниеге келген. Інісі Кристиан Эдуард 1986 жылы туған. Әкесі медициналық компанияда қызмет етсе, анасы Lufthansa әуетасымалдаушы компаниясында стюардесса жұмыс істеді, кейін суретші, жеке галереясының иесі болды. Клаус Герман Данст — гамбургтық неміс (Данст — немістің Дунст тегінің ағылшыншаға бейімделген нұсқасы), Инез Кэролин Руппрехт Нью-Джерсиден, швед және немістердің ұрпағы. 2011 жылы Германия азаматтығын алды,неміс тілін меңгерген.

11 жасына дейін Кирстен Данст Брик Тауншипта тұрып, ол жердегі Рәнней Мектебінің оқушысы болды. 1993 жылы ата-аналары айырылысты, Данст пен інісі анасымен бірге Лос-Анджелеске көшті. Данст Солтүстік Голливудтағы «Лорел-Холл» мектебінде, кейін Лос-Анджелестегі «Нотр-Дам» католиктік жеке меншік мектебінде оқитын болды. 1995 жылы Инез ажырасуға ұсыныс жасады.

2000 жылы мектеп бітіргеннен кейін Данст өзінің актрисалық мансабын әрі қарай жалғастыра берді.

Мансабы

Өз актрисалық мансабын Кирстен Данст 3 жасында, жарнамадағы модель ретінде бастады, оның «Ford Models» және «Elite Model Management» сияқты компаниялармен келісім-шарттары болды.

Данст 6 жаста болғанда кинодағы дебюті жарыққа шықты: Вуди Алленнің қысқа фильмінде ол кішігірім рөл сомдады. 1990 жылы ол Менменшілдіктің алауы (The Bonfire of the Vanities) фильмінде Том Хэнкс қызының рөлін сомдады. 1993 жылы Данст Жұлдызды жол: Келесі буын (Star Trek: The Next Generation) сериалында Хедрил рөлін сомдады.

Дансттың тұңғыш жетістігін көбіне «Вампирмен сұхбат» (1994) фильміндегі Лестат (Том Круз) пен Луи (Брэд Питт) кейіпкерлерінің асыранды қызы, бала вампир Клодияның рөлі деп санайды. Дансттың тұңғыш экрандық сүйісі осы фильмде болды: ол өзінен 18 жасқа үлкен Брэд Питтпен бірге болған.Interviewге берген сұхбатында Данст түсірілім кезінде 10 жаста болғанын және сүйісті түсіру ол үшін ыңғайсыз болғанын айтқан. Рөлі үшін MTV Movie & TV Awards, «Сатурн» (үздік жас актер/актриса) премияларына және Алтын глобус премиясына және «Кинофильмдегі бастыдан өзге үздік әйел рөлі» номинацияларына ие болды.

59-Канн кинофестиваліндегі Кирстен Данст, 2006

Сол жылы, оған қоса, Данст Вайнона Райдер мен Клэр Дэйнспен бірге «Кішкентай әйелдер» (1994) фильмінде рөл сомдады. «The New York Times» сыншысы Джанет Маслин фильмді романның үздік экранизациясы деп атады да, Кирстен Дансттың екі фильмдегі актрисалығын мақтады.

1995 жылы ол «Джуманджи» фильмінде болды. Данстпен қатар фильмде Робин Уильямс және Бонни Хант сияқты актерлер түрлі рөл сомдады. Фильм дүние жүзінде 262 миллион доллар жинады. 2002 жылы Данст Peopleдың «50 ең әдемі адам» тізіміне енді.

Сол жылы Данст Сэм Рэйминің Өрмекші-адам суперқаһармандық фильмінде Питер Паркердің жары Мэри Джейн Уотсон рөлін сомдады. Бұл оның мансабындағы ең сәтті рөлі болды, Los Angeles Times сыншысы Кеннет Тарен «Данст пен Магуайр экранда нағыз махаббатты өте жақсы көрсете алды» деп екі актердің жұмысын мақтады. Фильм нәтижесінде дүние жүзі бойынша 825 миллион доллар жинады. 2004 жылы Данст Өрмекші-адам 2 фильмінде Мэри Джейн рөліне «оралды». Бұл фильм де өте сәтті болып шықты, нәтижесінде 114 миллион доллар жинады.

Данст, оған қоса, француз патшайымы Мария-Антуанетта жайлы аттас биографиялық фильмде (2006) басты рөл сомдады. Фильмнің тұсаукесері 59-Канн кинофестивалінде орын алды. Фильмнің халықаралық түсімі жалпы 60 миллион долларға жетті.

Кирстен Данст 2007 жылы Мэри Джейн Уотсон рөліне «Өрмекші-адам 3» фильмі үшін тағы бір рет оралды. Көпшілік мақтаған алдынғы екі фильмнен айырмашылығы — трилогияның бұл бөлігі жайлы сыншылардың пікірлері әртүрлі болды. Фильм, оған қарамастан 891 миллион доллар жинап, трилогияның және 2008 жылға Кирстен Дансттың фильмографиясының ең табысты фильмі болды. Бастапқыда жасалған келісімшарт бойынша Данст Өрмекші-адамның тек үш фильміне түсуге келісім берген, алайда ол түсірілімге Магуайр мен Рэйми қатысса төртінші фильмге де дайын екенін айтқан. 2012 жылы кейіпкердің экранизациясы ребут алатыны және оның түсіріліміне Магуайр да, Рэйми де, Данст та қатыспайтыны белгілі болды.

2010 жылы Данст қысқа метражды фильмдерде рөл сомдайтын болды: ол 2012 жылы Трайбека кинофестивалінде жарияланған «Бишара» фильмінде болды, фильм кейін 63-Канн кинофестивалінде көрсетілді.

2011 жылы ол Меланхолия фантастикалық фильмінде ақыр заманды күтіп жатқан әйел басты рөлін сомдады, онымен қатар Шарлотта Генсбур, Кифер Сазерленд сияқты актерлер болған, фильм тұсаукесері Канн кинофестивалінде өтті. Сыншылар оны жоғары бағалады, Дансттың актрисалығын мақтады. «Southampton Patchтік» Стивен Леб «Данст басқа фильмдерде аса тырыспайды, бірақ осы фильмде өз рөлін тамаша сомдады..» деген пікір қалдырды. Өз еңбегі үшін Данст бірнеше марапатқа ие болды, соның ішінде Каннда және АҚШ Ұлттық киносыншылар қоғамында «Үздік актриса» марапаттары.

2015 жылы Данст Фарго телехикаясының екінші маусымында түсті, 2016 жылы сол рөлі үшін «Эмми», «Алтын глобус» және «Мини-хикаядағы немесе телефильмдегі үздік әйел рөлі» марапаттарына номинация алды. Сол жылғы мамырда ол 69-Канн кинофестивалінде төрешілердің бірі болды.

2021 жылы Кирстен Данст Джейн Кэмпионның «Төбеттің күші» драма-вестернінде басты әйел рөлін сомдады. Данст бұл фильмде Джесси Племонс пен Бенедикт Камбербэтч сияқты белгілі актерлер қатарында түсті. Сыншылар фильмді аса жоғары бағалады: «IndieWire», «The Guardian», «Time» баспалары оны жылдың үздік фильмді деп те атады және Данст IndieWireдың кино- және телешығармалардағы 27 үздік рөлдер тізімінде болды. Фильмдегі рөлі үшін, оған қоса, Данст өзінің тұңғыш Оскар сыйлығына номинациясын алды.

Музыка

Торонто кинофестиваліндегі Кирстен Данст, 2012

2001 жылы Данст өзінің музыкалық дебютын «Махаббат вирусы» фильміне арналып жасалған екі ән айтып жасады. Ол сондай-ақ «Голливудтағы өлім» фильмін түсіру үшін ән жазды, ол Генри Кремер мен Тернер Лейтонның «Сен кеткенде» джаз композициясын орындады. Өрмекші-адам 3-те ол өзінің кейіпкері Мэри Джейн Уотсон ретінде екі ән айтқан: бірі Бродвей мюзиклінде, екіншісі джаз клубында даяшы ретінде.

Данст сонымен қатар «Akihabara Majokko Princess» қысқа метражды фильмінде сиқыршы Маджокконың әнін айтқан. Фильм британиялық Тейт Модерн музейінде көрсетілді.

Өзге қызметі

Саясат

2004 жылғы АҚШ президент сайлауында Демократиялық партияның үміткері Джон Керриді және 2004 жылғы АҚШ президент сайлауында демократ Барак Обаманы қолдады. Сайлау жайлы ол кейін «Неге Сейсенбіде?» деген деректі фильм түсірді, ол жерде АҚШ сайлауларының неліктен сейсенбі күнінде өтетінін түсіндірді.

Қайырымдылық

Кирстен Данст Балалардағы АИВ/ЖИТС қарсы Элизабет Глейзер фондын қатты қолдайтын. Ол оған қоса сүт безінің обырына қарсы активизммен айналысты, 2008 жылы өткен Лора Зискиннің «Обырға қарсы тұр» телемарафонына қатысты.

Жеке өмірі

Данст Юта штатындағы «Cirque Lodge» орталығында депрессиядан емделді. Кейін ол клиникаға жатардан бұрынғы алты ай бойы ол өзінің өте жабырқаған сезінгенін айтты. Мамыр айының соңында ол өсектерді жоққа шығарып, алкоголь, есірткі тәуелділігінен емес, тек депрессиядан ғана емделгенін айтқан, емделу барысын ашық түсіндірді.

Кирстен Данст — 2011 жылдан бері АҚШ пен Германияның азаматы.

2002–2004 жылдары Данст актер Джейк Джилленхолмен бірге болды. 2007 жылы ол Razorlight музыкалық группасының мүшесі Джонни Борреллмен және 2012–2016 жылдары актер Гаррет Хедлундпен бірге болды.

2016 жылы Данст Фарго телехикаясында бірге түскен актер Джесси Племонспен романы болды, 2017 жылғы қаңтарда жұптың неке қиғаны белгілі болды. Олардың екі ұлы — Эннис Һауырд Племонс (3 мамыр 2018 жылы туған) және Джеймс Роберт Племонс (мамыр 2021 жылы туған).

Фильмографиясы

Жоғары