Қолдау
Тегін жүктеу және ақпараттық платформа
  • Уикипедия

Мұрат Есжан — қазақстандық кинорежиссер, сценарист, журналист, ақын. Алаш қозғалысының қайраткерлері туралы түсірілген «Ахмет. Ұлт ұстазы» және «Міржақып. Оян,

Мұрат Есжан

  • Басты бет
  • Мұрат Есжан

Мұрат Есжан — қазақстандық кинорежиссер, сценарист, журналист, ақын. Алаш қозғалысының қайраткерлері туралы түсірілген «Ахмет. Ұлт ұстазы» және «Міржақып. Оян, қазақ!» атты тарихи-биографиялық туындыларымен кеңінен танымал. «Болашақ» халықаралық стипендиясының түлегі. Қазақ музыкалық эстрадасында танымал бірнеше әннің авторы (Ринго тобы «Толғау»).

Мұрат Есжан
Толық есімі

Мұрат Есжан

Туған жері

Қазақстан, Алматы облысы

Азаматтығы

 Қазақстан

Ұлты

Қазақ

Қызметі

режиссёр, кинопродюсер, сценарийші

Белсенділігі

2020 жылдан бері

Білімі

Қазақ ұлттық университеті, журналистика факультеті (2008)
Academy of Art University (Сан-Франциско, АҚШ)(2017)

Мамандығы

Кино режиссер, сценарист

Осы үшін белгілі

«Міржақып. Оян, қазақ!», «Ахмет. Ұлт ұстазы» тарихи туындыларының авторы

Әкесі

Нұрәкім Есжан

Анасы

Шакира Чинтемирова

Жұбайы

Айсәуле Әбілдаева

Балалары

Дінмұхаммед, Махамбет, Мариям, Мәди, Ахмет

Отбасы

Үйленген, 5 баласы бар

Басқалары

«Болашақ» бағдарламасының түлегі

Мазмұны

Өмірбаяны

Мұрат Есжан Алматы қаласындағы қазақ тілі мен әдебиеті бағытындағы дарынды балаларға арналған мектеп-интернатының түлегі.

Қазақ ұлттық университетінің журналистика факультетінде білім алған. Кейіннен «Болашақ» бағдарламасы арқылы АҚШ-қа оқуға түседі. Ол Сан-Франциско қаласындағы Өнер академиясын (Academy of Art University) тәмамдап, елге кәсіби маман болып оралады.

Шығармашылығы

Режиссердің шығармашылық жолы деректі фильмдер мен қысқаметражды жобалардан басталған. Оның жұмыстары көбінесе ұлттық құндылықтар, тарихи жады және адами қарым-қатынас мәселелерін қозғайды.

Кинемотограф

2019 жылы 18 сәуірде режиссер Мұрат Есжан мен продюсер Айсәуле Әбілдаеваның «MurAi Production» студиясы дайындаған екі авторлық қысқаметражды фильмнің — «I’m going to Paris» және «Тиын» картиналарының тұсаукесері өтті. Екі туынды да «Болашақ» бағдарламасы бойынша АҚШ-тағы San-Francisco Film Academy-де білім алып жүрген және елге оралған кезеңдерді қамтиды.

«Парижге кетем бір күні...» («I’m going to Paris»)

Бұл — режиссердің дебюттік жұмысы. Фильмнің продюсері ретінде үш дүркін «Оскар» сыйлығының иегері Жанна Сью Мемель қолдау білдірген. Фильмнің жалпы бюджеті 13 мың АҚШ долларын құрап, қаражаттың бір бөлігі краудфандинг арқылы жиналған.

Сюжет желісі Лоре есімді қыздың өмірі арқылы «сандық дәуірдегі» адамның жан дүниесін, әлеуметтік желілердегі виртуалды шындық пен объективті шынайылықтың қақтығысын баяндайды. Басты кейіпкер мейрамханада жұмыс істесе де, әлеуметтік желіде өзін Парижде саяхаттап жүрген бақытты адам ретінде көрсетеді. Режиссер бұл туынды арқылы қоғамдағы виртуалды тәуелділік және депрессия мәселелерін көтереді.

Жоба Америка сценаристер гильдиясының (Writers Guild of America) оң бағасына ие болды. Сонымен қатар, фильм сценарийі «Scriptapalooza» байқауына түскен 3500 өтінімнің ішінен үздік 100 сценарий қатарына енген.

«Тиын»

АҚШ-тан елге оралған соң, Мұрат Есжан Ш.Айманов атындағы «Қазақфильм» киностудиясының «Дебют» шығармашылық бірлестігі аясында «Тиын» атты екінші фильмін түсірді. Фильм жазушы Лира Қоныстың аттас әңгімесінің желісімен таспаланған.

Кинокартинаның негізгі тақырыбы — әкеге деген сағыныш. Сюжет бойынша бес жасар Қайсар есімді бала қайықшыға беру үшін тиын жинайды, себебі оның түсінігінде қайтыс болған әкесі дарияның арғы бетіне өтіп кеткен. Режиссердің айтуынша, бұл жобаны қолға алуға газетте жарияланған әкесінен айырылған бала туралы оқиға түрткі болған.

«Абай жолы» (2020)

2020 жылы Абай Құнанбайұлының 175 жылдық мерейтойына орай «Хабар» агенттігінің тапсырысымен Мұрат Есжанның режиссерлігімен түсірілген 6 бөлімді «Абай жолы» тарихи-драмалық телехикаясы жарық көрді. Туынды Мұхтар Әуезовтің әлемге әйгілі «Абай жолы» роман-эпопеясының жазылу тарихы мен Абай өмірінің шығармаға арқау болған кезеңдерін қатар суреттейді.

Телехикаяның тұжырымдамасы 2019 жылы Абай Құнанбайұлының 175 жылдық мерейтойына орай жарияланған байқау кезінде туындаған. Режиссер Мұрат Есжан Абай тақырыбының күрделілігін ескере отырып, оны тікелей емес, драматургиялық құрал ретінде жазушы Мұхтар Әуезовтің романды жазу процесі арқылы көрсетуді жөн санаған. Жоба 2019 жылы 30 желтоқсанда ресми мақұлдау алды.

Туындыда Абай, Мұхтар Әуезов және Қайым Мұхамедханов секілді үш тұлғаның өмірі қатар көрсетіледі. Режиссер мұндай параллельді баяндау және «шегініс ішіндегі шегініс» әдісін әлемдік кинематографиядағы («Күнделік», «Ирландық», «Троцкий» және т.б.) қалыптасқан тәжірибемен байланыстырады.

Режиссердің айтуынша, жобаның негізгі идеясы — «Абай жолы» романының жазылу процесін көрсету арқылы тұлға бейнесін ашу. Сценарий авторлары — Ұларбек Нұрғалымұлы, Мақпал Мадиярова және Мұрат Есжан.

Телехикаяның дайындық жұмыстары 2020 жылдың басында басталғанымен, COVID-19 пандемиясына байланысты түсірілім процесі күзге шегерілген. Түсірілім жұмыстары қыркүйек пен қараша айлары аралығында Алматы, Семей, Текелі, Талғар қалаларында және Ұзынағаш, Мыңбаев, Шамалған елді мекендері мен Асы жайлауында жүргізілген. Режиссер тарихи ғимараттардың сақталмауы және бюджеттің шектеулігі түсірілім барысындағы негізгі қиындықтар болғанын атап өткен. Декорация, реквизит және массовка жетіспеушілігін шығармашылық топ тарихи дәлдікке, деректілікке және кейіпкерлердің психологиялық тереңдігіне баса назар аудару арқылы толықтыруға тырысқан.

Телехикая көрермендер мен зиялы қауым тарапынан жылы қабылданды. Кейбір сыншылар декорация мен массовканың жұпынылығын сынағанымен, режиссер мұны қаржылық және карантиндік шектеулермен түсіндірді. Сонымен қатар, бастапқыда Кәмшат Жолдыбаеваның рөлге бекітілуіне қатысты сыни пікірлер айтылғанымен, туынды экранға шыққан соң актрисаның ойыны оң бағаланған.

Телехикаяның алты бөліміне барлығы 120-ға жуық актер қатысқан. Кастинг карантин кезінде фото және бейнесынақ түрінде, кейіннен бетпе-бет іріктеу арқылы жүргізілген. Басты рөлдегі Мұхтар Әуезовтің бейнесін сомдауға әнші Сәкен Қалымов бекітілген. Режиссердің пікірінше, М.Әуезовтің антропологиялық бітімі ерекше болғандықтан, оған ұқсайтын кәсіби актерді табу қиынға соққан. Сәкен Қалымовтың даусы, сөйлеу ырғағы және сыртқы келбеті жазушы бейнесіне барынша сәйкес келгендіктен таңдап алынған.

«Ахмет. Ұлт ұстазы» (2021)

Алаш ардақтысы Ахмет Байтұрсынұлының өмірі мен күресін баяндайтын телехикая.

«Міржақып. Оян, қазақ!» (2023)

2022 жылы желтоқсанда «Qazaqstan» ұлттық арнасының эфирінен Мұрат Есжанның режиссерлігімен түсірілген 6 бөлімді «Міржақып. Оян, қазақ!» тарихи-драмалық телехикаясы көрсетілді. Туынды Алаш қайраткері Міржақып Дулатұлының өмірі мен шығармашылығына арналған.

Телехикаяда Міржақып Дулатұлының 1909–1935 жылдар аралығындағы өмірі қамтылған. Оқиға желісі «Оян, қазақ!» кітабының жарыққа шығуы, қайраткердің ашаршылық жылдарындағы қоғамдық-саяси қызметі, Қызылорда, Семей және Мәскеудегі «Бутырка» түрмесінде өткен жылдарын баяндайды. Сонымен қатар, оның жары Ғайнижамалмен арадағы махаббат хикаясы көрсетіледі.

Жоба 2022 жылдың сәуір айында бекітіліп, жалпы өндірістік жұмыстарға 8 ай уақыт жұмсалған (cценарий жазу – 3 ай, дайындық кезеңі – 2 ай; түсірілім жұмыстары – 2 ай; монтаж – 1 ай).

Сценарийді жазу барысында түсірілім тобы алаштанушы ғалымдармен кеңесіп, монографиялар, мақалалар және тергеу материалдарын зерттеген. Режиссердің айтуынша, түсірілім барысында мемлекеттік қаржыландырудың шектеулігі, тарихи локациялардың, реквизиттер мен декорацияның тапшылығы секілді қиындықтар туындаған.

Телехикаяға барлығы 80-ге жуық актер қатысқан, оның 10–15-і негізгі рөлдерді сомдады. Актерлерді таңдауда олардың кейіпкерге ұқсастығына, тіл тазалығына және ескі қазақ мәтіндерін түсініп оқу қабілетіне басымдық берілген. Туындыда 2021 жылы түсірілген «Ахмет. Ұлт ұстазы» сериалының актерлік құрамы сақталған. Бұл режиссердің екі тарихи тұлғаның өміріндегі сабақтастықты көрсету мақсатынан туған. Сондай-ақ, Гүлнәр Міржақыпқызының хатын оқитын сахнаға Қазақстанның халық әртісі Гүлжан Әспетова шақырылған.

Мұрат Есжан бұл туындыны «Ахмет. Ұлт ұстазы» жобасының логикалық жалғасы ретінде қарастырады. Кейбір сыншылар мен көрермендер тарапынан түсірілімнің Міржақыптың туған жері Торғай даласында өтпегені туралы сыни пікірлер айтылған. Режиссер мұны бюджеттік шектеулермен және деректі фильм емес, көркем туынды болғандықтан, маңызды тарихи оқиғаларды көрсетуге басымдық берілгендігімен түсіндірді.

Прокат және кассалық табысы

2023 жылы «Міржақып. Оян, қазақ!» телехикаясының материалдары негізінде жасақталған толықметражды көркем фильм кинотеатрларға жол тартты. Фильм көрермендер тарапынан қызу қолдау тауып, отандық прокатта коммерциялық тұрғыдан үлкен жетістікке жетті.

2024 жылдың ақпан айындағы деректер бойынша, туындының прокаттан тапқан жалпы кассалық түсімі 1 миллиард теңгеге жуықтаған. Жобаның бас продюсері (Айсәуле Әбілда) растаған бұл қаржылық көрсеткіш режиссердің «көрермен тек комедияны емес, салмақты тарихи драмаларды да көруге дайын» деген ұстанымын дәлелдеді.

Фильмография

Жыл Атауы Рөлі Жанры
2020 Махаббат ирониясы (сериал) Режиссер, Сценарист Мелодрама
2021 Ахмет. Ұлт ұстазы (сериал) Режиссер, Сценарист Биография, тарихи драма
2023 Міржақып. Оян, Қазақ (фильм, 2023) Режиссер, Сценарист Биография, тарихи драма

Отбасы және жеке өмірі

Мұрат Есжан жұбайы Айсәуле Әбілдамен бірге бес бала тәрбиелеп отыр. Үлкен ұлы — Дінмұхаммед (15 жаста), екінші ұлы — Махамбет (14 жаста), қызы — Мариям (10 жаста), ұлы — Мәди (7 жаста), кенжесі — Ахмет (2 жаста).

Мұрат Есжан мен Айсәуле Әбілда бала тәрбиесінде «ата-ана — тәрбиеші емес, тек бағыттаушы» деген қағиданы ұстанады. Отбасылық құндылықтардың бірі — қазақ тілі. Режиссер бала тәрбиесіндегі басты құрал тіл деп санайды, сондықтан үйде тек қазақша сөйлеуге және балаларына қазақтілді орта қалыптастыруға (балабақша, мектеп таңдауда) қатты мән береді.

Шығармашылық ұстанымы мен көзқарастары

Мұрат Есжанның режиссерлік стилі мен кино өнеріне деген көзқарасы АҚШ-тың Сан-Франциско өнер академиясында алған білімі мен ұлттық танымды ұштастыруға негізделген. Режиссер киноны театр, әдебиет және бейнелеу өнерінен бөлек, дербес қарастыру тұжырымдамасымен (мысалы, Робер Брессонның теориясымен) келіспейді. Ол мизансцена, актерлік ойын, композиция, түс және жарық сияқты элементтердің кинодағы маңызын жоғары бағалайды.

Мұрат Есжан кинодағы ұлттық бояудың сақталуын қатаң жақтайды. Ол халықаралық фестивалдерге бағдарланған, бірақ ұлттық мінез-құлықтан жұрдай «жалпыадамзаттық» фильмдерді сынайды. Режиссердің ұстанымы бойынша, «адамзаттың мәселесін қоя тұрып, әуелі қазақтың жоғын түгендеу» қажет, ал жалпыадамзаттық құндылықтар ұлттық призма арқылы көрсетілуі тиіс.

Тарихи телехикаяларда («Абай жолы», «Ахмет. Ұлт ұстазы») режиссер тұлғаларды мінсіз «суперқаһарман» ретінде емес, пенделік қасиеттері, кемшіліктері мен ішкі күресі бар шынайы адам ретінде көрсетуді мақсат тұтады. Оның ойынша, кейіпкердің осал тұстары мен адами болмысы көрерменді тұлғаға жақындата түседі.

Режиссер «авторлық кино» ұғымын міндетті түрде «іш пыстыратын» туынды деп қабылдауға қарсы. Ол жанрды мақсат емес, ойды жеткізуші құрал ретінде көреді және режиссердің бір жанрмен шектелмей, әртүрлі бағытта тәжірибе жасауын (Жаң Имоу, Дэвид Линч мысалдарында) құптайды.

Қоғамдық көзқарастары

«Міржақып. Оян, қазақ!» телехикаясында режиссер қазақ байларының тарихи рөлін қайта қарастыруды мақсат еткен. Ол байларды «сол заманның менеджерлері, меценаттары және ұлттық жобалардың (газет-журналдар, өндіріс орындары) демеушілері» ретінде сипаттайды. Мұрат Есжан кеңестік идеология қалыптастырған «бай — қанаушы» деген түсінікті өзгерту арқылы қазіргі қоғамдағы кәсіпкерлерге рухани мотивация беруге болады деп есептейді.

Режиссер қазақ кинорыногындағы комедия жанрының басымдығын сынап, «сұраныс ұсыныс тудырады» деген қағиданың әрдайым дұрыс еместігін алға тартады. Оның ойынша, сапалы ұсыныс (тарихи-драмалық туындылар) арқылы көрерменнің сұранысын өзгертуге болады. «Міржақып. Оян, қазақ!» фильмінің кинотеатрдағы прокатқа шығуы — халықтың тек комедия емес, салмақты дүниелерге де қызығушылығы бар екенін дәлелдеу мақсатындағы қадам.

Мұрат Есжанның режиссерлік арманы — Алаш қозғалысына арналған елу телехикая түсіру және олардағы актерлік құрамның тұтастығын сақтау. Оның мақсаты — аудио-визуалды қабылдауға бейім жас ұрпаққа тарихты жүйелі түрде жеткізу.

Сұхбаттарында режиссер өзін Кеңес өкіметі толық орнаған кезеңдегі (1930-1960 жылдар) адам психологиясы, олардың үміті мен тұрмыстық деңгейдегі әңгімелері қызықтыратынын айтады. Болашақ жобалары үшін сол дәуірдің куәгерлері — антрополог Оразақ Смағұл, жазушы Дулат Исабеков және «Жас тұлпар» ұйымының негізін қалаушылардың бірі Мұрат Әуезовтің естеліктерін жинауды маңызды деп санайды.

Марапаттары

  • «Міржақып. Оян, қазақ!» фильмінің қоғамдық резонанс тудырып, көрермен тарапынан жоғары бағалануына байланысты режиссер отандық кәсіпкерлер мен меценаттар тарапынан арнайы сый-сияпаттарға ие болды.
  • 2023 жылы белгілі кәсіпкер Сырымбек Тау режиссерге автокөлік сыйлады.
  • 2023 жылдың қараша айында кәсіпкер және меценат Дулат Тастекей Мұрат Есжанға қазақы дәстүрмен ат мінгізді.
  • «SCRIPTAPALOOZA» (АҚШ) киносценарий байқауының (ең үздік 100 сценарий), (2016).
  • «Бейбіт Құсанбек атындағы журналистер байқауының» жүлдегері, (2009).
←Келесі жазбаАлдыңғы жазба→
Ең көп оқылған - Уикипедия
  • Сәуір 23, 2026

    Мархабат Байғұт

  • Сәуір 08, 2026

    Қыпшақ тілі

  • Наурыз 21, 2026

    Азот

  • Наурыз 20, 2026

    Тоталитаризм

  • Сәуір 11, 2026

    Ахмет сұлтан

Студия

  • Уикипедия

Жаңалықтарға жазылу

Байланысу
Бізбен байланыс
© 2025 www.wikimap.kk-kz.nina.az - Барлық құқықтар қорғалған.
Авторлық құқық: Dadash Mammadov
Жоғары