Қолдау
Тегін жүктеу және ақпараттық платформа

Сәлімгерей Нұралыханов (1878–1938) — қазақ заңгері, судья, мемлекеттік қызметкер, Алаш қозғалысына қатысушы.

Сәлімгерей Нұралыханов

Уикипедия — ашық энциклопедиясынан алынған мәлімет
(тамыз 2026)

Сәлімгерей Нұралыханов (1878–1938) — қазақ заңгері, судья, мемлекеттік қызметкер, Алаш қозғалысына қатысушы.

Өмірбаяны

Сәлімгерей Нұралыханов 1878 жылы Бөкей Ордасының Меңдіханов болысында дүниеге келген. Әкесі Зұлқарнай Шөкіұлы — Әбілқайыр ханның шөбересі, Орынбордағы Неплюев кадет корпусын бітірген, Бөкей Ордасындағы әкімшілік-басқару қызметінде болған Беріш руының сұлтаны. Әкесі Сәлімгерейдің білім алуына ерекше көңіл бөліп, оны Орынбор ерлер гимназиясына оқуға береді. Сәлімгерей гимназияны 1899 жылы үздік аяқтаған.

Заң саласындағы қызметі

Гимназияны бітіргеннен кейін Сәлімгерей Нұралыханов Астрахань аймақтық сотында тілмаш болып қызмет атқарды. Бұл қызметте алты жыл еңбек етіп, 1905 жылы Астрахань губерниясында ұлықтың көмекшісі болып тағайындалды. Алайда ол мемлекеттік қызметпен шектелмей, кәсіби заңгерлік білім алуды мақсат етті. Қазақ қоғамына білікті заң мамандарының қажеттігін түсінген Нұралыханов 1906 жылы Томск университетінің заң факультетіне оқуға түсті. Кейін заң ғылымын тереңірек меңгеру мақсатында Қазан қаласына барып, 1908 жылы Қазан университетінің заң факультетіне қабылданды. 1913 жылы университетті үздік дипломмен тәмамдады. Оқуын аяқтағаннан кейін Астраханьға оралып, аймақтық сотта іс жүргізуші, сот тергеушісі және басқа да қызметтер атқарды. Нұралыханов орыс тілінен бөлек, француз тілін еркін меңгерген. Қазан университетінде оқып жүрген кезінде француз және латын тілдері үйірмелеріне қатысқан. Сол кезеңде бұл тілдер заң саласындағы мамандар үшін маңызды білім саналған.

Алаш қозғалысына қатысуы

1916 жылғы ұлт-азаттық көтеріліс пен Ақпан төңкерісінен кейін Сәлімгерей Нұралыханов қоғамдық-саяси өмірге белсенді араласып, Алаш қозғалысының бел ортасынан табылды. 1917 жылы Орынборда өткен Бірінші жалпықазақ съезіне Алаш партиясы атынан Бөкей Ордасынан делегат болып қатысты. Жалпықазақ съезінде Алаш автономиясының үкіметі — Алаш Орданың Халық Кеңесі құрамына кандидат ретінде сайланды. Сондай-ақ Бүкілресейлік Құрылтай жиналысына Б. Құлманов және У. Танашевпен бірге «Алаш» партиясы атынан кандидат ретінде ұсынылды.

Кеңес өкіметі тұсындағы қызметі

1920 жылғы 1 ақпаннан бастап Сәлімгерей Нұралыханов Бөкей Ордасындағы атқарушы органның Юстиция бөлімінде сот-тергеу бөлімінің меңгерушісі қызметін атқарды. Сонымен қатар Бөкей Ордасындағы Халық Соты Кеңесінің төрағасы болып сайланды. 1924 жылғы сәуірде Республика прокурорының көмекшісі А. Вшивковтың шақыруымен Орынбордағы Орталық прокуратурада қызмет атқара бастады. Сәлімгерей Нұралыханов кәсіби заңгер ретінде жоғары беделге ие болды. Мәскеуде өткен Бүкілресейлік сот қызметкерлерінің I съезіне қазақ заңгері ретінде қатысты. Осы арқылы ол сот қызметкерлерінің бүкілресейлік деңгейдегі жиынына қатысқан алғашқы қазақ заңгерлерінің бірі ретінде аталады.

Қуғын-сүргін

1930-жылдардың соңында Сталиннің саяси қуғын-сүргін саясаты күшейген кезде Сәлімгерей Нұралыханов та қудалауға ұшырады. Оның хан әулетінен шыққаны билік тарапынан күдік туғызды. Ол «ұлтшылдық» айыбымен тұтқындалып, 1938 жылы ату жазасына кесілді. Сәлімгерей Нұралыхановтың өмірі қазақ қоғамындағы кәсіби заңгерлік білімнің қалыптасуымен, Алаш қозғалысымен және XX ғасырдың алғашқы ширегіндегі қазақтың қоғамдық-саяси тарихымен тығыз байланысты.

  1. А.Құспан Алаш заңгерлері — Алматы: Отбасы, 2023. — Б. 167-171. — 376 б. — 10 000 таралым. — ISBN 978-601-06-6619-1
Жоғары