Тұрсын хан (толық есімі Тұрсын-Мұхаммед баһадүр хан, туған жылы белгісіз – 1627) – сұлтан, қолбасшы, 1613-1627 жылдары Ташкенттің билеушісі, қазақтың бас ханы.
| Тұрсын хан | |||
| Лауазымы | |||
|---|---|---|---|
| |||
| 1613 — 1627 | |||
| Ізбасары | Есім хан | ||
| Өмірбаяны | |||
| Діні | ислам | ||
| Дүниеге келуі | белгісіз | ||
| Қайтыс болуы | 1627 Ташкент, Қазақ хандығы | ||
| Әкесі | Жалым сұлтан | ||
| Балалары | Шах-Сейіт сұлтан, Мұхамедияр сұлтан, Бақы сұлтан | ||
| өңдеу | |||
Өмірбаяны
Шығу тегі
Тұрсын ханның шығу тегі жайлы бірнеше пікір қалыптасты. Шәкәрім Құдайбердіұлының нұсқасы келесідей: Жәдігер - Әмек - Уаныш - Дін-Мұхаммед - Баяндымахмұт - Тұрсын. Қазақстандық тарихшы Т.И. Сұлтанов хан шежіресінің 2 нұсқасын ұсынған. Бірінші нұсқаға сәйкес Тұрсын ханның әкесі Жалым сұлтан Қасым ханның ұлы, Жәнібек ханның немересі болған. Екінші нұсқаға сәйкес Жалым сұлтан Шығай ханның ұлы. Ж.М. Сәбитовтың көзқарасы бойынша Тұрсын хан Жәдік сұлтанның немересі, Есім ханның бөлесі.
Ташкент тағын иеленуі
1611 жылдың көктемінде Есім, Абылай және Тұрсын хандардың біріккен күші Ташкентті қоршауға алды. Имамқұл хан әскерінің қарсы әрекеттерінен кейін екі жақ бітім-шарт жасасты. Шартқа сәйкес Түркістан мен Ташкенттің билеушісі болып Тұрсын ханның ұлы Шах-Сейіт, ал оның аталығы болып алшын Жалаңтөс тағайындалды.
1611 жылы Есім хан Ташкентті басып алғанымен, 1612 жылы Имамқұл хан ұлы Ескендірді Ташкент тағына отырғызды. Қала тұрғындарының көтерелісі кезінде қаза тапқан ұлы үшін кек алу мақсатында қаланы қоршауға алып, қырғынға ұшыратты. Алайда 1613 жылы қазақ сұлтандары қаланы қайта жаулап алды. Қазақ сұлтандарымен күресе отырып, Имамқұл хан Тұрсын ханды Ташкенттің билеушісі ретінде тағайындады.
1616 жылы Сауранның билеушісі Тұрсын хан сібір воеводаларымен келіссөздер жүргізген. Есім ханның қызына үйленген Имамқұл хан оны 1620 жылы Ташкент тағына отырғызуды көздеді. Осы жағдайда Тұрсын хан соғысқа дайындала бастады. Өзінің саудагерлерін қорғау мақсатында қалмақтарға елшілік жіберген.
Тұрсын хан 1623-1624 жылдардың қысында Имамқұл ханға қарсы шықты. 160 мыңдық әскер жинаған Имамқұл ағасын Тұрсын ханға қарсы жорыққа аттандырды. Тұрсын хан жақтастарының қатарында Шахрухияны билеген Тәуекел ханның ұлы Мұрат сұлтан болды. Имамқұл әскері туралы хабар алған ол Тұрсын ханнан көмек сұрап, қоршауға дайындала бастады. Тұрсын хан ашық далада шайқас ұйымдастырмауды ұйғарды. Имамқұл ханмен келіссөз бастап, бейбіт бітімге келді.
1624 жылы Есім хан Тұрсын ханмен бейбіт келісімге келіп, бар назарын жоңғарларға аударды. Екі ханның арасындағы қарым-қатынастың жақсарғаны сонша, Тұрсын хан Есім ханға Түркістан қаласына барып қайтқан. Бейбіт келісім-шарттың алдында 1623-1624 жылдардың қысында Тұрсын ханның одақтасы дербеттердің билеушісі Далай тайшы Есім ханның қол астындағы қалаларды шабуылдауды жоспарлаған. Бұған дейін Есім ханның Тұрсын хан мен жоңғарларға қарсы бағытталған Алтын ханмен одағы құрылды.
Екі ханның арасындағы бейбіт келісім Есім ханның Қашғарияға аттанып, жоңғарлармен басталған соғыс кезінде бұзылды. Жорық туралы хабар алған Тұрсын хан Есім ханды жазалау мақсатында Түркістанға шабуыл ұйымдастырып, оның отбасын тұтқынға алған. Шапқыншылық туралы білген соң Есім хан Сайрамға оралып, Ташкентке жорыққа аттанды. Тұрсын ханның өлімінен кейін Есім ханға Әндіжаннан Абылай хан қосылды. Олардың біріккен күші Мұрат сұлтанды Шахрухиядан ығыстырды. Тұрсын ханның қол астында болған қатаған руы жаппай қырғынға ұшырады. Аман қалғандары шанышқылы руының, өзбектердің, қарақалпақтардың, қырғыздардың құрамына енді.
Ұрпақтары
Тұрсын ханның өлімінен кейін оның ұлдары Орталық Азияның саяси өміріне белсене қатысты. Оның ұлы Мұхамедияр 1636 жылы Мұрат сұлтанға көмек көрсеткен. Басқа ұлы Бақы өзге сұлтандармен одақтасып, 1638 жылы Ходженд және Ұра-төбені (қазіргі Истаравшан) шабуылдаған. Тұтқынға түскенімен, өлім жазасына кесілген жоқ. Тұтқыннан босатылғаннан кейін қалыптасқан жаңа саяси жағдайда үнді императоры Шах-Жаһаннан қолдау сұраған ол ұрыстардың бірінде тұтқынға түсті. Балхқа жеткізіліп, өлім жазасына кесілген.
Тұрсын ханның соқтырған теңгелері
Галерея
Әдебиет
- Burton A. The Bukharans: A Dynastic, Diplomatic, and Commercial History, 1550-1702. – Richmond. Curzon Press. 1997. – P.172.
- История Казахстана в персидских источниках. Том 2. (Маджма ал-ансаб вал-ашджар). – Алматы: Дайк-Пресс, 2005. – С. 241.
- Кляшторный С.Г. Султанов Т.И. Казахстан: летопись трех тысячелетий. – Алматы, 1992. – С.298.
- Қазақ хандары. Энциклопедиялық анықтамалық жинақ / Жауапты редакторы М.М. Қожа, Х.М. Тұрсын. ― Алматы: Қазығұрт, 2015. ― 224 б.
- «Қазақстан»: Ұлттық энцклопедия / Бас редактор Ә. Нысанбаев – Алматы «Қазақ энциклопедиясы» Бас редакциясы, 1998 ISBN 5-89800-123-9, VIII том
- Муминов А.К. Исторические документы Мавзолея Ходжа Ахмада Йасави / А.К. Муминов, Б.Е. Кумеков, У.А. Султонов, В.К. Шуховцов, Д.Т. Кенжетаев, А.С. Кабылова. — Астана, 2017. — 216 с.
- Пищулина К.А. Присырьдарьинские города и их значение в истории казахских ханств в XV–XVII вв. / К.А. Пищулина // Казахстан в XV–XVIII веках (вопросы социально-политической истории). — Алматы, 1969. — С. 38–51.
- Сабитов Ж.М. Вопросы генеалогии и хронологии правления ханов Казахского ханства 17 – первой трети XVIII века // Второй конгресс историков Казахстана: сборник научных статей. – Астана: Издательство ЕНУ, 2014, – С. 98-105
- Султонов У.А. К вопросу о жалованных грамотах казахских ханов, выданных мазару Ахмада Йасави (конец XVI-XVII вв.) / У.А. Султонов // Исламская духовность, рациональность и этнокультурные традиции как факторы противодействия религиозному экстремизму: материалы Междунар. науч. конф., посвящ. праздн. Евраз. нац. ун-та им. Л.Н. Гумилева. –– Астана, 2016. — С. 90–97.
