Әділет | |
| | |
| Басшысы | Айбек Дәдебай |
|---|---|
| Негізін салушы | Рауан Кенжеханұлы бастаған бастамашыл топ |
| Құрылған жылы | 7 мамыр 2026 (құрылтай съезі) |
| Штаб-пәтері |
|
| Идеологиясы |
|
| Жастар ұйымы |
|
| Мүшелер саны | 800 мыңнан астам |
| Ұраны | «Күшіміз — бірлікте, негізіміз — әділетте» |
| Құрылтайдағы мандат саны | 0 / 145 (I сайланым) |
| Әнұраны | «Әділет таңы» |
| Сайты | |
«Әділет» (ресми атауы — «Әділет» партиясы» қоғамдық бірлестігі) — Қазақстандағы ең ірі ресми тіркелген президентшіл саяси партия. Партия өзін «прогрессивті реформалардың жақтаушысы, Әділетті Қазақстанды құру, заң үстемдігін нығайту және шешім қабылдау процесіне азаматтардың кеңінен қатысуын қамтамасыз етуді қолдаушы» ретінде танытады. Партияны президент әкімшілігінің бұрынғы басшысы Айбек Дәдебай басқарады.
Жаңа партия құру бастамасы ресми түрде 2026 жылғы 15 сәуірде жарияланды. 7 мамырда партия өзінің құрылтай съезін ұйымдастырып, 1 маусымда мемлекеттік тіркеуден өтті. 14 маусымда ең ірі партия саналған «Аманат» партиясын өз құрамына қосу арқылы «Әділет» партиясы елдегі басты саяси ұйымға айналды.
Тарихы
2026 жылғы 15 сәуір күні 15 шақты адамнан тұратын бастамашыл топ жаңа «Әділет» саяси партиясын құру ниеті туралы ресми мәлімдеме жасады. Жаңа партия құру туралы мәлімдемеге қол қойғандар қатарында Гүлзира Атабаева, Ренат Бектұров, Қарлығаш Жаманқұлова, Динара Зәкиева, Рауан Кенжеханұлы, Лаура Қарабасова, Андрей Лаврентьев, Нұрбек Матжани, Марат Шибұтов, Ләззат Шыңғысбаева және басқалары болды. Келесі күні «Әділет» партиясының ұйымдастыру комитеті Әділет министрлігінен саяси партия құру ниеті туралы хабарламаның қабылданғанын растайтын құжат алғанын хабарлады.
7 мамыр күні Астанада «Әділет» партиясының құрылтай съезі өтіп, президент әкімшілігінің бұрынғы басшысы Айбек Дәдебай партияның төрағасы болып сайланды. Съезге әр өңірден барлығы 931 делегат қатысты. Партия саяси кеңесінің құрамына 40 адам енді: Айбек Дәдебайдан басқа «Қазақтелеком» АҚ басшысы Бағдат Мусин, Бала құқықтары жөніндегі уәкіл Динара Зәкиева, кәсіпкер Андрей Лаврентьев, «Әділ сөз» халықаралық қорының жетекшісі Қарлығаш Жаманқұлова, президент Тоқаевтың жиені Дана Медеуова, саясаттанушы Марат Шибұтов, қоғам қайраткері Рауан Кенжеханұлы, Астана қаржы орталығының басқарушысы Ренат Бектұров, өзге де қоғам қайраткерлері мен кәсіпкерлер болды. Одан бөлек 13 адамнан тұратын саяси кеңес бюросы сайланды.
1 маусым күні партияны Әділет министрлігі мемлекеттік тіркеуден өткізді.
Елде билік ететін «Аманат» партиясы 12 маусымда өткен XXVI съезінде «Әділет» партиясымен бірігу туралы шешім қабылдады. 14 маусымда өткен «Әділет» партиясының ІІ съезінде бұл шешім мақұлданды.
2 шілде күні 17 облыс пен 3 қалада «Әділет» партиясының өңірлік филиал басшылары сайланды. Олардың жартысына жуығы бұрын сол өңірдегі «Аманат» партиясының филиалын басқарған.
10 шілдеде партияның III кезектен тыс Съезінде алдағы Құрылтай сайлауына қатысатын 186 кандидаттан тұратын партиялық тізім бекітілді.
Идеологиясы
«Әділет» партиясының бағдарламасында реформашыл центризм қағидатын ұстанатыны, партия өзін президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың жүргізіп отырған саясаты мен ол ұсынған саяси реформаларды қолдайтын саяси күш ретінде көретіні жазылған. Партияның негізгі құндылықтары қатарында Әділет, Патриотизм, Еңбекқорлық, Жауапкершілік және Прогресс аталған.
Құрылымы
Партияның басқару органдарына съезд, съездер аралығында жұмыс істейтін саяси кеңес, саяси кеңес отырыстары аралығында жұмыс істейтін саяси кеңестің бюросы жатады.
Партия төрағасы — партиядағы жоғары басшылық етуші тұлға. Партия төрағасы өзінің орынбасарлары мен партия Орталық аппаратының басшысын тағайындайды.
Партияның құрылымдық бөлімшелеріне өңірлік филиалдар, аумақтық филиалдар және бастауыш партия ұйымдары жатады.
Партия филиалының басқару органдарына конференция, конференциялар аралығында жұмыс істейтін саяси кеңес, саяси кеңес отырыстары аралығында жұмыс істейтін саяси кеңестің бюросы жатады. Партия филиалының төрағасы филиал қызметіне жалпы басшылықты жүзеге асырады.
Партияның бақылау-тексеру және бақылау органдарына Орталық бақылау-тексеру комиссиясы және Партиялық бақылау комитеті, партия филиалдарының бақылау-тексеру комиссиялары жатады.
Басшылығы
- Айбек Дәдебай — партия төрағасы (7 мамыр 2026 жылдан бастап)
- Рауан Кенжеханұлы — партия төрағасының орынбасары
- Қаныш Төлеушин — партия төрағасының орынбасары
2026 жылы сайланған партия саяси кеңесі бюросының құрамына 13 адам кіреді:
- Гүлзира Атабаева («YNTYMAQ» салалық кәсіподағы Павлодар облыстық филиалының төрайымы)
- Ренат Бектұров («Астана» халықаралық қаржы орталығының басқарушысы)
- Белла Газдиева (Көкшетау университетінің қауымдастырылған профессоры)
- Айбек Дәдебай («Әділет» партиясының төрағасы)
- Қарлығаш Жаманқұлова («Әділ сөз» халықаралық қорының экс-жетекшісі)
- Динара Зәкиева (Бала құқықтары жөніндегі уәкіл)
- Рауан Кенжеханұлы («Әділет» партиясы төрағасының орынбасары, «Қазақ тілі» халықаралық қорының президенті)
- Замира Кузиева («Универсал» компаниялар тобының басқарушы директоры)
- Андрей Лаврентьев («Qarmet» және «Allur» компаниялар тобы директорлар кеңесінің төрағасы)
- Мұхамедқали Тауан («UNI-Q Group» медиахолдингінің бас директоры)
- Ирина Тен («Qazaqstan» телеарнасының тележүргізушісі)
- Марат Шибұтов («Халықаралық социология және саясат институты» қоғамдық қоры директорының орынбасары)
- Ләззат Шыңғысбаева («Қазақстан халқына» қоғамдық қорының басқарма төрайымы)
Съездер
| Съезі | Күні | Өткен орны |
|---|---|---|
| «Әділет» партиясының I құрылтай съезі: | 7 мамыр 2026 жыл. Айбек Дәдебай бірауыздан партияның төрағасы болып сайланды. Партия саяси кеңесінің құрамы бекітілді. | Астана |
| «Әділет» партиясының II съезі: | 14 маусым 2026 жыл. Партияға елде билік еткен «Аманат» партиясы (800 мың мүше) қосылды. Партияның өңірлік филиалдарын құру туралы шешім қабылданды. | Астана |
| «Әділет» партиясының III съезі: | 10 шілде 2026 жыл. Партияның сайлауалды бағдарламасы мен Құрылтай сайлауына қатысатын партиялық тізім (186 кандидат) бекітілді. | Астана |
Сайлаулар
Парламент сайлауы
Президент сайлауы
- Алфавит бойынша саяси партиялар
- Қазақстан саяси партиялары