| Майки Мэдисон | |
| ағылш. Mikey Madison | |
| Мэдисон 2024 жылы | |
| Жалпы мағлұмат | |
|---|---|
| Туған кездегі есімі | Микаэла Мэдисон Росберг |
| Туған күні | 25 наурыз 1999 (27 жас) |
| Туған жері | Лос Анжелес, Калифорния, АҚШ |
| Азаматтығы |
|
| Мамандығы | актриса |
| Белсенді жылдары | 2013 — қазіргі уақыт |
| Марапаттары | «Оскар» (2025) |
| IMDb | |
Ортаққордағы Майки Мэдисон | |
Микаэла Мэдисон Росберг (ағылш. Mikaela Madison Rosberg; 25 наурыз 1999, Лос-Анджелес, Калифорния, АҚШ) — америкалық актриса. Оскар және BAFTA сыйлықтарының лауреаты, Алтын глобус (2025) және АҚШ киноактерлер гильдиясы (2025) сыйлықтарының номинанты.
Мэдисон актерлік жолын жасөспірім шағында қысқа метражды фильмдердегі рөлдерден бастады. Оның алғашқы ірі рөлі — «Жақсырақ дүниелер» (Better Things, 2016–2022) комедиялық телесериалындағы тұйық жасөспірімнің рөлі болды. Ол кинодағы дебютін «Лиза, Лиза, сұр аспан» (Liza, Liza, Skies Are Grey, 2017) фильміндегі басты рөлден бастап, кейіннен Квентин Тарантиноның «Голливудта болған оқиға» (2019) туындысында және «Айқай» (Scream, 2022) слэшерінде қосалқы рөлдерді сомдады. 2024 жылы ол Шон Бейкердің «Анора» фильмінде басты рөлді ойнап, осы еңбегі үшін «Үздік Актриса» номинациясында Оскар сыйлығын иеленді.
Өмірбаяны
Балалық шағы
Микаэла Мэдисон Росберг 1999 жылдың 25 наурызында Калифорния штатының Лос-Анджелес қаласында Майкл мен Трейси Росбергтердің үшінші қызы және бес баланың төртіншісі болып дүниеге келген. Оның ата-анасының екеуі де психолог: әкесі шизофрения саласына, ал анасы балалар психологиясына маманданған. Оның екі ағасы (олардың бірі — оның егізі) және екі әпкесі бар. Мэдисон — еврей қызы, ол зайырлы отбасында тәрбиеленген.
Мэдисон алғашқы жылдарын Лос-Анджелес маңындағы Санта-Кларитада өткізіп, кейін отбасымен Вудленд-Хиллз ауданына көшкен. Ол Сан-Фернандо аңғарында өскен. Актерлік жолға 14 жасында келгенге дейін Мэдисон ат спортымен кәсіби түрде айналысқан. Жетінші сыныптан кейін үйден білім алуға көшкен.
Оның әжесінің немере ағасы — Кларенс Хейли Лонг (кіші) есімді техастық ковбой болған. Оның 1949 жылы «Life» журналының мұқабасына шыққан суреті кейіннен әйгілі «Marlboro Man» жарнамалық бейнесінің жасалуына негіз болған. Мэдисон бала кезінен Вуди Аллен, Квентин Тарантино, София Коппола және Мартин Скорсезе сынды режиссерлердің фильмдерін көріп өскен.
Мансабы
Мэдисон актерлік дебютін 2013 жылы «Зейнетке шығу» (Retirement) және «Пани қорабы» (Pani's Box) атты қысқа метражды фильмдерден бастады. 2014 жылы «Ұлылыққа ұмтылыс» (Bound for Greatness) қысқа метражды фильміне түскеннен кейін, өзінің алғашқы толық метражды «Лиза, Лиза, сұр аспан» (Liza, Liza, Skies Are Grey) фильміне түсті, алайда бұл туынды тек 2017 жылы ғана жарық көрді.
2016 жылы Мэдисон Луи Си Кей мен Памела Адлон жасаған FX арнасының «Жақсырақ дүниелер» (Better Things, 2016–2022) комедиялық-драмалық сериалында тұйық жасөспірім Макс Фокстың рөлін сомдай бастады. 2017 жылдан 2018 жылға дейін ол Bravo арнасының «Алаяқтар» (Imposters) қара комедиялық сериалында қонақ ретінде көрінді. 2018 жылы «Құбыжық» (Monster) және «Ностальгия» (Nostalgia) драмалық фильмдерінде бой көрсетті.
2019 жылы Мэдисон Квентин Тарантиноның ««Голливудта болған оқиға» драмасындағы «Мэнсон отбасы» қылмыстық тобының мүшесі Сьюзан «Сэди» Аткинстің рөлімен кеңінен танылды. Фильмнің тұсаукесері 2019 жылғы Канн кинофестивалінде өтіп, кассалық табысқа ие болды. Сондай-ақ, 2019 жылы ол «Аддамстар отбасы» (The Addams Family) анимациялық қара комедиясында бариста Кэндиді дыбыстады. 2022 жылы ол «Айқай» (Scream) слэшерінде басты рөлдердің бірін (Эмбер Фриман) сомдады.
2023 жылы Мэдисон «Анора» фильмінде басты рөлді сомдады. Режиссер Шон Бейкер актрисаның «Голливудта болған оқиға» және «Айқай» фильмдеріндегі өнеріне тәнті болып, бұл кейіпкерді арнайы Мэдисонға арнап жазған, сондықтан оны ешқандай кастингсіз рөлге қабылдаған.
Бұл рөлге дайындалу барысында актриса орыс тілін үйреніп, фильмдегі екі төбелес сахнасын қоса алғанда, барлық трюктерді өзі орындады. Сондай-ақ, ол пилонда билеуді меңгеріп, түсірілім алдында фильм оқиғасы өтетін Брайтон-Бич ауданына уақытша көшіп барды.
Фильм 2024 жылғы Канн кинофестивалінде көрсетіліп, сыншылардың жоғары бағасын алды және «Алтын пальма бұтағын» жеңіп алды. Туынды үлкен кассалық табысқа жетіп, Мэдисонның актерлік шеберлігі ерекше атап өтілді. «Vanity Fair» басылымының шолушысы Ричард Лоусон актрисаның Бруклин акцентін жоғары бағалап, оның ойынын «ашық әрі жанды, батыл, бірақ тартымды» деп сипаттады. Бұл рөлі үшін Мэдисон «Үздік актриса» номинациясында «Оскар» және BAFTA сыйлықтарын жеңіп алды, сонымен қатар «Алтын глобус» пен АҚШ киноактерлер гильдиясының (SAG) марапаттарына үміткер атанды.
2025 жылдың наурызында Мэдисон «Saturday Night Live» (SNL) шоуының бір эпизодын қонақ-жүргізуші ретінде өткізді. 2025 жылдың қыркүйегінде актриса 2010 жылғы «Әлеуметтік желі» фильмінің жалғасы болып табылатын «Әлеуметтік жауапкершілік» (The Social Reckoning) туындысында ақпарат таратушы Фрэнсис Хаугеннің рөліне бекітілді. Бұл фильмнің премьерасы 2026 жылдың 9 қазанына жоспарланған.
Фильмография
Кино
| Жыл | Атауы | Шынайы атауы | Рөлі | |
|---|---|---|---|---|
| 2017 | ф | Лиза, Лиза, сұр аспан | Liza, Liza, Skies Are Grey | Лиза |
| 2018 | ф | Ностальгия | Nostalgia | Кэтлин |
| 2018 | ф | Құбыжық | Monster | Александра Флойд |
| 2019 | ф | Голливудта болған оқиға | Once Upon a Time in Hollywood | Сьюзан «Сэди» Аткинс |
| 2019 | ф | Аддамстар отбасы | The Addams Family | Кэнди, бариста (дыбыстау) |
| 2021 | ф | Үшеу керек | It Takes Three | Кат Уокер |
| 2022 | ф | Айқай | Scream | Эмбер Фриман |
| 2023 | ф | Барлық жандар | All Souls | Ривер |
| 2024 | ф | Анора | Anora | Анора «Ани» Михеева |
| 2026 | ф | Әлеуметтік жауапкершілік | The Social Reckoning | Фрэнсис Хауген |
Телевизия
| Жыл | Атауы | Шынайы атауы | Рөлі | |
|---|---|---|---|---|
| 2016 | с | Жақсырақ дүниелер | Better Things | Максин «Макс» Фокс / Басты рөл (52 эпизод) |
| 2017 | с | Алаяқтар | Imposters | жас Мэдди / 2 эпизод |
| 2024 | с | Көлдегі әйел | Lady in the Lake | Джудит Вайнштейн / Мини-сериал |
| 2025 | с | Saturday Night Live | Saturday Night Live | жүргізуші / "Mikey Madison/Morgan Wallen" эпизоды |
- 25 наурызда туғандар
- 1999 жылы туғандар
- Алфавит бойынша тұлғалар
- Лос Анжелесте туғандар
- Алфавит бойынша актрисалар
- АҚШ актрисалары
- XXI ғасыр актрисалары
- Үздік актриса үшін Оскар сыйлығының иегерлері
- BAFTA марапаты иегерлері