| Әбілпейіз хан өзб. Abulfayzxon | ||
| Лауазымы | ||
|---|---|---|
| ||
| 1711 — 1747 | ||
| Ізашары | II Ұбайдулла хан | |
| Ізбасары | Әбділмүмін хан | |
| Өмірбаяны | ||
| Дүниеге келуі | 1687 Бұхара, Бұхара хандығы | |
| Қайтыс болуы | 1747 Бұхара, Бұхара хандығы | |
| Әкесі | Сұбханқұл хан | |
| Анасы | Ситораи Мохи-хоса (Патша бибі, Айпашша бибі) | |
| Балалары | Әбділмүмін хан III Ұбайдулла хан Жұлдыз бегім | |
| өңдеу | ||
Әбілпейіз хан (1687–1747) — 1601 жылдан бастап билік еткен өзбектердіңЖәнилер (Аштархан) әулетінен шыққан Бұхара хандығының сегізінші ханы.
1711 жылы қастандық нәтижесінде Аштархан әулетінен шыққан II Ұбайдулла хан өлтірілді, ал 1711 жылғы 18 наурызда таққа оның інісі Әбілпейіз (1711–1747) отырғызылды. Ол тез арада әмірлердің қолындағы ойыншыққа айналды. Билік құдіретті Жаушан қалмақтың қолына шоғырланды. Көп ұзамай ол да өлтірілді.
Билігі
Әбілпейіз хан билік еткен дәуірде елде орын алған саяси хаос Бұхара хандығының ыдырауына және құрамынан бөлініп шыққан Қоқан хандығы атты жаңа мемлекеттің құрылуына әкеп соқты. Оның тағына өзбектердің мың тайпасынан шыққан әулет отырды.
Маңғыт тайпасынан шыққан Мұхаммед Хаким би, Әбілпейіз хан оны астананың аталығы лауазымына көтерген соң, жігерсіз ханның тұсында билікті өз қолына алған ықпалды тұлғаға айналды. Шахрисабз билеушісі, кенегес тайпасының әмірі Ибрагим би билікті Мұхаммед Хаким бидің қолынан тартып алу мақсатында 1722 жылы Самарқандта Хиуа ханзадасы Ражабты хан деп жариялады. Ибрагим бидің өзі оның тұсында «әмірлердің әмірі» атанды. Көптеген әмірлер қосылған Ражаб хан үлкен қолмен Самарқандтан шығып, Бұхараға бет алды. Алайда ол Бұхараны ала алмай, көшпелілерге жаулап алынған аймақтардан мол олжа уәде етіп, қазақтардан көмек сұрады. Бұл уақытта қазақтар ауыр күндерді бастан кешіріп жатқан еді. Жоңғар қонтайшысы Сыбан Раптан (1697–1726) 1723 жылдың көктемінде қалың қолмен Қазақ хандығына басып кірді. Осындай қиын жағдайда қазақтар Мәуереннахрдың бай өлкелеріне жорық жасау шақыруын бірден қабыл алды. Жеті жыл бойы қазақтар ешқандай қарсылыққа кезікпестен бүкіл Зарафшан аңғарын ойрандап, 1730 жылы ғана бұл өңірден кетті.
Әбілпейіз хан билікті өз қолына шоғырландыруға тырысып, Мұхаммед Хакимді Бұхарадан алыстатты, содан соң аталық Қаршыға кетіп қалды. Алайда бұл қадам арқылы ол дербестікке қол жеткізе алмады. Аймақтар мен жекелеген аудандардың билеушілері өздеріне ешқандай бақылау жоқ екенін біліп, өз бетінше әрекет етті. Хан тек өз гвардиясының адалдығына ғана сенім артты.
Қазақтардың Мәуереннахрдың ішкері бөлігіне қарай шегінуін Ибрагим кенегес өз пайдасына асырды. Ол басқа тайпалармен біріге отырып, қазақтардың күшін Бұхараға қарсы бағыттады. Нәтижесінде Бұхарада бұрын-соңды болмаған аштық басталды. Сондай-ақ, ол қазақтарды Самарқандтағы өз жауларына қарсы күреске де тартты.
Сыртқы саясаты
1717 жылы Әбілпейіз хан өзінің елшісі топшыбасы Құлы бекті Ресей патшасы I Пётрге жіберді. Топшыбасы өз миссиясының нәтижесінде елшіліктің алдына қойылған барлық міндеттерді шешті. Астраханда тұтқындалған Бұхара көпестері босатылды, сондай-ақ оған қажетті қару-жарақтың бір бөлігін сатып алуға рұқсат берілді (XVII ғасырдан бастап Орта Азия хандықтарына отты қару мен оқ-дәрі сатуға тыйым салынған болатын). Сонымен қатар, ол А. Бекович-Черкасскийдің Хиуа экспедициясы және Пётр патшаның Орта Азияға қатысты жоспарлары туралы қажетті мәліметтерді жинаған көрінеді.
Нәдір шах әскерінің басып кіруі
Бұхараның ауыр экономикалық және саяси жағдайын түркмен тегінен шыққан ирандық жаулап алушы Нәдір шах (1736–1747) өз пайдасына асырды. 1740 жылдың басында Нәдір шах Мәуереннахрға жорық жасауға бел буды. Әбілпейіз хан Қаршыда жүрген, қаһарына ұшыраған аталығын шұғыл шақыртып, оған Нәдір шахтың көңілін жібіту үшін елші ретінде баруды тапсырды. Шахтың лагеріне келген Мұхаммед Хаким оның құрметіне ие болып, Нәдір шахтан ел ішінде үлкен өкілеттіктер беретін грамота алды.
Шаржау түбіндегі шайқаста Нәдір шах Бұхара, Самарқанд, Қоқан және Әндіжаннан жиналған үлкен халық жасағын талқандады. Нәдір шахтың жеңіске жетуіне негізінен еуропалық үлгіде ұйымдастырылған артиллериясы ықпал етті. Әбілпейіз хан Нәдір шахтың билігін мойындады. Нәдір шах Әбілпейіз ханға ілтипат көрсетіп, оның Тұрандағы билік құқығын мойындады. Аштархан әулеті мен Нәдір шах арасындағы байланыс туыстық қатынастармен бекітілді: шахтың өзі Әбілпейіздің бір қызына, ал оның немере інісі екінші қызына үйленді. Дегенмен Нәдір шах Бұхара әкімшілігімен және халқымен тек өзі толық сенім білдірген Мұхаммед Хаким арқылы ғана байланыс орнатты. Әбілпейіз хан оған толық тәуелді жағдайда болды.
Кейіннен, XVIII ғасырдың екінші ширегінде қалыптасқан әлеуметтік және саяси жағдайларға байланысты Аштархан әулеті билік тізгінін жаңа билеушілерге — өзбек тайпалық ақсүйектерінің өкілдері, билік басына келген маңғыт тайпасының басшыларына берді.
1743 жылы Мұхаммед Хаким қайтыс болғаннан кейін, аталықтың қатал бақылауынан босаған және Әбілпейіз ханның толық әрекетсіздігін пайдаланған өзбек әмірлері мемлекеттің әр жерінде бүлік шығарды. Тонау мен кісі өлтіру үйреншікті жағдайға айналды.
Ибадулла-хитай көтерілісі бүкіл Мианкальды (Самарқанд облысындағы аудан) қамтып, астанаға дейін жетті. 1745 жылдың сәуір айының соңында, бұхаралықтар қала сыртындағы шейх Бахауддин мазарының маңында дәстүрлі көктемгі «қызыл гүл» мерекесін тойлап жатқанда және қала мен оның айналасынан ондаған мың адам отбасыларымен бірге бір айға осында жиналған кезде, Ибадулла Бұхараға тұтқиылдан шабуыл жасап, мол олжаны қолға түсірді және көптеген адамды тұтқынға алып кетті. Нәдір шах қайтыс болған аталықтың ұлы Мұхаммед Рахымға сыналған сарбаздардан тұратын жасақ беріп, оны 1745 жылы (басқа деректер бойынша 1747 жылдың көктемінде) Бұхараға аттандырды. Мервте Мұхаммед Рахымға шахтың ұлы әрі өкілі Ризакули қызылбастар жасағымен және артиллериямен, ал Шарджоуда түркмендер қосылды. Мұхаммед Рахым әскерімен Бұхараға келіп, онда оған «әмірлердің әмірі» лауазымы берілді.
Жоғарғы мемлекеттік лауазымдарға Мұхаммед Рахымның туыстары мен жақтастары тағайындалды. Осы сенімді топтарға сүйене отырып, Мұхаммед Рахым хандық астанасындағы өз позициясын нығайтты және ирандықтардың қолдауымен бүлікшілерді тыныштандыруға кірісті.
Табанды күрестен кейін Ибадулла-хитай Мианкальдан қуылып, солтүстікке, Ташкентке қарай қашты, кейіннен сол жерде өлтірілді. Шахрисабзда «оң» және «сол» қанат тайпаларының бүлігі басылды. Салыстырмалы түрде қысқа мерзім ішінде бүкіл мемлекетте тыныштықты қалпына келтірудің сәті түсті.
Нәдір шах қайтыс болған уақытқа қарай (ол 1747 жылы өлтірілді), Мұхаммед Рахым би өзіне бағынышты, мықты әскер құрып үлгерген еді. Бұл әскердің қолбасшылық құрамы оған адал берілген адамдардан іріктелген болатын.
Тарихшылары мен ақындары
Әбілпейіз хан билік еткен кезеңде Әбдірахман-и Тали есімімен танымал тарихшы өмір сүрді.
Қайтыс болуы
Әбілпейіз хан 1747 жылы Нәдір шах қайтыс болғаннан кейін көп ұзамай өлтірілді.
Естелік
- Бұхара жазушысы Ә. Фитрат 1920-жылдары «Әбілпейіз хан» атты драмасын жазды.
Әдебиет
- История Узбекистана. — Т. 3. — Таш., 1993.
- История Узбекистана в источниках. / Составитель Б. В. Лунин. — Таш., 1990.
- 1687 жылы туғандар
- Алфавит бойынша тұлғалар
- Бұхарада туғандар
- 1747 жылы қайтыс болғандар
- Бұхарада қайтыс болғандар
- Аштархан әулеті