| Венеция кинофестивалі | |
![]() | |
| |
| Жалпы мәліметтер | |
|---|---|
| Негізі қаланды | 1932 жыл |
| Өткізілу орны | Венеция, Италия |
| Марапаттар | |
| Басты марапаты | |
| Ресми сайт | |
Венеция халықаралық кинофестивалі (итал. Mostra Internazionale d'Arte Cinematografica della Biennale di Venezia) — әлемдегі ең ескі халықаралық кинофестиваль. 1932 жылғы тамызында Венецияда Ұлттық фашистік партияның мүшесі Джузеппе Волпи негізін қалаған бұл фестиваль — Венеция қалалық кеңесі тарапынан 1893 жылғы 19 сәуірде ұйымдастырылған әлемдегі ең көне өнер көрмелерінің бірі болып табылатын Венециялық биеннале құрамдас бөлігі. Қазіргі уақытта, фестиваль әдетте тамыз және қыркүйек айларында Венецияның Лидо аралында өткізіледі.
1951 жылы фестиваль FIAPF (Халықаралық кинопродюсерлер қауымдастықтарының федерациясы) тарапынан ресми аккредитациядан өтті. Венеция кинофестивалі Канн және Берлин фестивальдерімен бірге еуропалық «Үлкен үштікке», сондай-ақ Канн, Берлин, Торонто және «Сандэнспен» қатар халықаралық «Үлкен бестік» қатарына кіреді.
Тарихы
1930-жылдар
1930-жылдары Италия үкіметі мен азаматтары кино өнеріне үлкен қызығушылық танытты. Италиялықтардың мәдени немесе спорттық шараларға жұмсайтын қаражатының басым бөлігі киноға бағытталды. Италияда көрсетілетін фильмдердің көпшілігі америкалық туындылар болды, бұл үкіметтің киноиндустрияға араласуына және жалпы италиялық мәдениетті дәріптеуге деген ұмтылысына түрткі болды. Осыны ескере отырып, 1932 жылы Джузеппе Вольпи, Лучано де Фео және Антонио Мараини Венеция халықаралық кинофестивалінің негізін қалады. Мемлекеттік қайраткер, дәулетті кәсіпкер және Бенито Муссолини үкіметінде қаржы министрі болған белсенді фашист Вольпи дәл сол жылы Венеция биенналесінің президенті болып тағайындалды. Мараини фестивальдің бас хатшысы қызметін атқарса, де Фео атқарушы комитетті басқарды.
1932 жылғы 6 тамызда фестивальдің ашылуы «Excelsior Palace» қонақүйінің террасасында америкалық «Доктор Джекилл мен мистер Хайд» фильмінің көрсетілімімен басталды. Фестивальге тоғыз ел қатысып, ол 21 тамызда аяқталды. Алғашқы фестивальде ресми марапаттар берілген жоқ, бірақ қай фильмдер мен рөлдердің үздік екенін анықтау үшін көрермендер арасында сауалнама өткізілді. Француздық «Бізге еркіндік беріңіз!» (À Nous la Liberté) фильмі «Ең көңілді фильм» болып танылды. «Маделон Клоденің күнәсі» (The Sin of Madelon Claudet) «Ең әсерлі фильм» , ал оның жұлдызы Хелен Хейз «үздік актриса» болып таңдалды. «Ең ерекше қиял-ғажайып фильм» аталымы «Доктор Джекилл мен мистер Хайдқа» берілсе, басты рөлді сомдаған Фредрик Марч «үздік актер» атанды.
Алғашқы фестивальдің сәтті өткеніне қарамастан, ол 1933 жылы ұйымдастырылмады. 1934 жылы фестиваль жыл сайынғы іс-шара деп жарияланып, қатысушы елдердің саны тоғыздан он жетіге дейін өсті. Сол жылы фестиваль алғашқы ресми марапаттарын табыстады: олар «Италияның үздік фильмі үшін Муссолини кубогы», «Үздік шетелдік фильм үшін Муссолини кубогы» және Корпорациялар министрлігінің кубогы болды. Барлығы он жеті марапат берілді: он төртеуі фильмдерге, үшеуі жеке тұлғаларға бұйырды. Бес фильм құрмет грамоталарына ие болды. 1935 жылы өткен үшінші фестивальді оның алғашқы көркемдік жетекшісі Оттавио Крозе басқарды, ол бұл қызметті Екінші дүниежүзілік соғысқа дейін атқарды. 1936 жылы фестивальдің басқару органына қазылар алқасы қосылды, бірақ оның құрамында шетелдік мүшелер болған жоқ. Фестиваль қаражатының негізгі бөлігі Халықтық мәдениет министрлігінен, қалған бөлігі Биеннале мен Венеция қаласынан бөлінді.
1936 жыл фестиваль тарихындағы тағы бір маңызды кезең болды. Халықтық мәдениет министрлігі әзірлеген заң бойынша фестиваль негізгі Венеция биенналесінен бөлек, дербес құрылымға айналды. Бұл Кино департаменті және Фашистік ұлттық ойын-сауық индустриясы федерациясы сияқты қосымша фашистік ұйымдарға фестивальді бақылауға мүмкіндік берді. Бесінші жылы фестивальдің тұрақты мекені белгіленді. 1937 жылы Лидо аралында Palazzo del Cinema жобаланып, салынды. Содан бері барлық Венеция кинофестивальдері осы жерде өтіп келеді. Тек 1940-1942 жылдар аралығындағы үш жылда ғана, бомбалау қаупінен қауіптеніп (ол қауіп іске асқан жоқ), фестиваль Венециядан тыс жерде өткізілді.
1940-жылдар

1940-жылдар фестиваль тарихындағы ең ауыр кезеңдердің бірі болды. 1941 жылы нацистік үгіт-насихаттық «Отанға оралу» (Heimkehr) фильмі көрсетіліп, Италияның Халықтық мәдениет министрлігінің марапатына ие болды. Соғыстың басталуымен жағдай нашарлап, 1940, 1941 және 1942 жылғы фестивальдер Лидодан алыс жерлерде өткендіктен, олар мүлдем болмаған деп есептеледі. 1940 жылы фестиваль атауы «Италия-Германия кинофестивалі» (Manifestazione Cinematografica Italo-Germanica) болып өзгертілді. Бұл атау 1942 жылы соғысқа байланысты фестиваль тоқтатылғанға дейін сақталды.
Соғыс аяқталғаннан кейін, 1946 жылы фестиваль жұмысы толық көлемде қайта жанданды. Көктемде ғана алғашқы көрсетілімін өткізген, жаңадан құрылған Канн кинофестивалімен жасалған келісімге сәйкес, 7-ші Венеция халықаралық кинофестивалі тұңғыш рет қыркүйек айында ұйымдастырылды. Қалыпты өмірге оралумен бірге Венеция тағы да кино әлемінің ұлы нышанына айналды.
1947 жылы фестиваль рекордтық көрсеткіш — 90 мың қатысушыны қабылдаған Дождар сарайының ішкі ауласында өтті. 1947 жылғы фестиваль тарихтағы ең сәтті өткен шығарылымдардың бірі болып саналады.
Даму және тоқтатылу кезеңі

1963 жылы Луиджи Кьярини фестиваль директоры (1963–1968) болып тұрған кезде үлкен өзгерістер басталды. Кьярини өз басшылығы кезінде фестивальдің рухы мен құрылымын жаңартуға тырысып, бүкіл жүйені қайта құруды талап етті. Алты жыл бойы фестиваль байқауға іріктелетін жұмыстарға қатаң критерийлер қою арқылы тұрақты даму жолымен жүрді. Сондай-ақ, киноиндустрияның коммерциялануына жол бермей, фильмдердің көркемдік сапасын басты орынға қоя отырып, киностудиялардың саяси қысымы мен араласуына батыл қарсы тұрды.
1968 жылғы әлеуметтік және саяси толқулар Венеция биенналесіне де қатты әсер етті. 1969 жылдан 1979 жылға дейін жүлделер берілмеді және «Қорғасын жылдар» кезеңіне байланысты фестиваль алғашқы шығарылымдағыдай конкурстық емес форматқа қайта оралды. 1973, 1977 және 1978 жылдары фестиваль мүлдем өткізілген жоқ. «Алтын арыстан» жүлдесі тек 1980 жылы ғана қайта оралды.
Қайта өрлеу
Көптен күткен қайта өрлеу кезеңі 1979 жылы жаңа директор Карло Лиццанидің (1979–1983) арқасында келді. Ол соңғы онжылдықта жоғалған фестивальдің беделі мен құндылығын қалпына келтіруге шешім қабылдады. 1979 жылғы шығарылым халықаралық беделді қайтарудың негізін қалады. Фестивальдің заманауи бейнесін қалыптастыру мақсатында жаңа директор туындыларды іріктеуге көмектесетін және өтінімдердің әртүрлілігін арттыратын сарапшылар комитетін құрды.
2004 жылы фестивальмен бірлесе отырып, «Авторлар күні» (Giornate degli Autori) атты тәуелсіз және параллель кинофестиваль құрылды.
2013 жылы фестивальдің 70 жылдық мерейтойын атап өту мақсатында арнайы «Venezia 70 – Future Reloaded» секциясы ашылды.
Соңғы жылдары Альберто Барбераның басшылығымен фестиваль «Оскар» сыйлығына жолдама беретін алаң ретінде танылды. Америкалық фильмдердің қатысуы артып, мұнда «Оскар» сыйлығын иеленген «Гравитация» (2013), «Бёрдмэн» (2014), «Басты назарда» (2015), «Ла-Ла Ленд» (2016), «Су кейпі» (2017), «Жұлдыз туды» (2018), «Рома» (2018), «Джокер» (2019), «Көшпенділер жері» (2020), «Дөң» (2021), «Кит» (2022), «Байғұс жандар» (2023), «Бруталист» (2024) және «Франкенштейн» (2025) сияқты туындылардың әлемдік премьералары өтті.
2017 жылы виртуалды шындық фильмдеріне арналған жаңа секция енгізілді. Бастапқыда бұл бөлім Venice Virtual Reality деп аталса, 2022 жылы ұйымдастырушылар оның атауын Venice Immersive деп өзгертті. Венеция кинофестивалі әлемдегі «Үлкен бестікке» кіретін халықаралық кинофестивальдердің ішінде алғашқы болып виртуалды шындықты бағдарламаға енгізді. Осылайша, Venice Immersive бүгінгі таңда кино саласындағы жаңа медиа үшін ең маңызды мінберге айналды.
2018 жылы Альфонсо Куаронның «Рома» фильмі «Алтын арыстанды» жеңіп алып, Netflix стримингтік сервисі шығарған және ірі кинофестивальде жеңіске жеткен алғашқы туынды болды.
Фестиваль бағдарламасы
Венеция кинофестивалінің мақсаты — «кино өнерін оның барлық формаларында (өнер, ойын-сауық және индустрия ретінде) еркіндік пен диалог рухында таныту және халықаралық деңгейде ілгерілету» болып табылады. Фестиваль бірнеше негізгі бөлімдерден тұрады:
- Ресми бағдарлама (Selezione ufficiale) — фестивальдің басты оқиғасы.
- Негізгі байқау — Алтын арыстан сыйлығы үшін бақ сынайтын 21-ге жуық фильм.
- Конкурстан тыс бағдарлама — жылдың маңызды туындылары ретінде ұсынылатын, бірақ негізгі жүлдеге таласпайтын 18-ден аспайтын фильм.
- «Көкжиектер» (Orizzonti) — жас таланттардың халықаралық кинодағы соңғы трендтерін көрсететін фильмдер жиынтығы.
- «Венеция классикасы» (Venezia Classici) — реставрациядан өткен үздік классикалық туындылардың іріктеуі.
- «Sconfini» — артхаус, жанрлық және эксперименттік киноны, телесериалдар мен кросс-медиа жобаларын қамтитын 10-нан аспайтын жұмыс.
- «Венеция иммерсив» (Venice Immersive) — байқау аясында және одан тыс көрсетілетін 30-дан аспайтын туынды.
- Тәуелсіз және параллель секциялар — киноның басқа қырларын ашуға арналған баламалы бағдарламалар.
- Халықаралық сыншылар апталығы — өзіндік регламенті бар, 8-ден аспайтын дебюттік фильм көрсетіледі.
- Авторлар күні (Giornate degli Autori) — ANAC және «100 Autori» қауымдастығы қолдайтын 12-ден аспайтын фильм ұсынылады.
Марапаттар




Кинофестивальде конкурстық жұмыстарды бағалайтын төрт қазылар алқасы жұмыс істейді: Venezia 79, Orizzonti, "Luigi De Laurentiis" атты «Венеция — үздік дебют» сыйлығы және Venice Immersive. Қазіргі уақытта кинофестивальде келесі марапаттар беріледі:
Ресми бағдарлама: Негізгі байқау
- Алтын арыстан (Leone d'Oro) — фестивальдің негізгі байқауында көрсетілген ең үздік фильмге беріледі. Сыйлық 1949 жылы «Әулие Марктың Алтын арыстаны» деген атаумен енгізілген.
1934 жылдан 1942 жылға дейін «Үздік италиялық фильм» және «Үздік шетелдік фильм» номинациялары бойынша берілген фестивальдің басты марапаты Муссолини кубогы болды. Италия диктаторы Бенито Муссолинидің құрметіне аталған бұл сыйлық, 1943 жылы ол биліктен кеткеннен кейін қолданыстан шығарылды.
- Қазылар алқасының Гран-приі — байқауға қатысқан фильмдердің ішіндегі маңыздылығы жағынан екінші туындыға беріледі.
- Күміс арыстан (Leone d'Argento) — конкурстық бөлімдегі ең үздік режиссерге берілетін марапат.
- Қазылар алқасының арнайы жүлдесі — байқау бағдарламасындағы үшінші үздік фильмге беріледі.
- Вольпи кубогы (Coppa Volpi) — ең үздік актер мен актрисаға беріледі.
- Үздік актер үшін Вольпи кубогы
- Үздік актриса үшін Вольпи кубогы
- Үздік сценарий — конкурстық бөлімдегі ең үздік сценариске беріледі.
- Алтын Озелла (Osella d'Oro) — үздік техникалық және шығармашылық үлес үшін беріледі.
- Марчелло Мастроянни сыйлығы — 1996 жылы қайтыс болған италиялық актер Марчелло Мастроянни құрметіне 1998 жылы тағайындалған. Бұл марапат ең үздік жас актерге немесе актрисаға беріледі.
- Арнайы Арыстан — негізгі конкурстық бағдарламада көрсетілген фильмнің режиссеріне немесе актеріне жалпы шығармашылық еңбегі үшін беріледі.
«Көкжиектер» (Orizzonti)
Бұл секция кино тіліндегі жаңа трендтерге бағытталған, «еркін форматтағы» барлық туындылар үшін ашық. Фестивальдің 67-ші шығарылымынан бастап «Көкжиектер» секциясының төрт марапаты тағайындалды:
- «Көкжиектер» сыйлығы (толық метражды фильмдер үшін)
- Қазылар алқасының арнайы «Көкжиектер» жүлдесі (толықметражды фильмдер үшін)
- «Көкжиектер» үздік қысқа метражды фильм сыйлығы
- «Көкжиектер» үздік орта метражды фильм сыйлығы
Келесі жылдары тағы бірнеше марапат қосылды:
- «Көкжиектер» үздік режиссер сыйлығы
- «Көкжиектер» үздік актер сыйлығы
- «Көкжиектер» үздік актриса сыйлығы
- «Көкжиектер» үздік сценарий сыйлығы
Болашақтың арыстаны (Luigi De Laurentis)
Венеция кинофестивалінің түрлі конкурстық секцияларындағы барлық дебюттік толық метражды фильмдер бұл сыйлыққа үміткер бола алады. Жеңімпазға 100 000 АҚШ доллары көлемінде сыйақы беріледі, ол режиссер мен продюсер арасында тең бөлінеді.
Шығармашылық жетістіктері үшін
- «Киногерге даңқ» сыйлығы (Premio Glory to the Filmmaker) — Jaeger-LeCoultre (2006–2020) және Cartier (2021 жылдан бастап) компанияларымен бірлесіп ұйымдастырылады. Ол заманауи кино өнеріне елеулі үлес қосқан тұлғаларға беріледі.
- Мансаптағы жетістіктері үшін «Алтын арыстан» (Leone d'oro alla carriera) — 1969 жылдан бастап Венеция кинофестивалінде кинематографиялық жетістіктер жиынтығы үшін берілетін марапат.
Басқа марапаттар
- Пазинетти жүлдесі (1958 жылдан бастап)
- «Сиқырлы шам» (Lanterna magica) жүлдесі (1998 жылдан бастап)
- Робер Брессон атындағы сыйлық (2000 жылдан бастап)
- Queer Lion (2007 жылдан бастап)
- FEDIC сыйлығы (2014 жылдан бастап)
Тоқтатылған марапаттар
- «Әулие Марк» жүлдесі (2002–2003)
- Ұздік қасалқы актриса үшін Вольпи кубогы (1993–1995)
- Үздік қасалқы актер үшін Вольпи кубогы (1993–1996)
- Муссолини кубогы (1934–1942)
Қазақстан Венеция кинофестивалінде
- 1966 жыл — Наталья Орынбасарова: Андрей Кончаловскийдің «Алғашқы мұғалім» фильміндегі Алтынай рөлі үшін фестивальдің ең беделді марапаттарының бірі — үздік актриса үшін берілетін Вольпи кубогын иеленді. Ол бұл биікті бағындырған алғашқы қазақ актрисасы болды.
- 2018 жыл — Эмир Байғазин: Режиссердің «Өзен» фильмі фестивальдің «Көкжиектер» (Orizzonti) секциясында «Үздік режиссер» жүлдесін жеңіп алды.
- Венеция кинофестивалі