Беклер бегі немесе Бектердің бегі (османша:بكلربكی = Beylerbeyi) — орта ғасырлардағы және ерте жаңа дәуірдегі мұсылман елдеріндегі жоғары лауазымды мемлекеттік қызметкер. Беклербегі лауазымы Селжук империясында, Хулагуидтер мен Сефевидтерде, Осман империясында болды. Беклербегі тікелей хан немесе сұлтанға бағынып, азаматтық және әскери билікті өз қолына алатын. Одан бөлек кей елдерде аймақты, ірі тайпаны немесе халықтар тобын басқаратын.

Алтын Ордада Өзбек ханнан бастап беклербегі мен қарашы бектер билігі күшейді. Әдетте, бектер қарасүйек табынан шыққан рубасылары мен беделді әскербасыларынан таңдалған. Беклербегі қазіргі премьер-министрдің функцияларына ұқсас ұлыстың екі негізгі әкімшілік лауазымының бірі болған. Беклербегі лауазымын иеленген адамдар мемлекеттік таққа қуыршақ хандарды отырғызып, оларды толығымен бақылауға тырысты. Хандардың көпшілігінде қажетті білім болмағандықтан және олар көбінесе егжей-тегжейге үңілмеуді жөн көргендіктен, ішкі және сыртқы саясатты, шаруашылық пен әскерді беклербегі басқарды.
Сефевидтер мемлекетінде ол хандар арасынан, Осман империясында сұлтанның жақын серіктері арасынан тағайындалған. Сефевидтер мемлекетінде бейлербей лауазымы хакім қызметімен біріктірілді.
Алтын Орда беклербектері
- Ноғай, Жошы хан немересі — 1256-1267, 1280-1299
- Бек Темир Алшын — 1267-1280
- Елбасмыш (Ильбасар), Тоқта хан ұлы — 1299-1309
- Құтлұқ-Темір — 1309-1321
- Исатай Қият — 1321-1337
- Моғұл Бұқа Қыпшақ — 1337-1351, 1359-1361
- Құтлұқ Бұқа Найман — 1351-1357
- Мамай Қият, Исатайдың немересі — 1357-1359, 1363-1380 Орданың батыс бөлігінің беклербегі
- Қазаншы Баһадүр — 1368-1377 Ұрыс хан беклербегі, 1378-1395 Тоқтамыс хан беклербегі
- Едіге Маңғыт — 1395-1419
- Мансұр би Едігеұлы — 1419-1427 Барақ ханның беклербегі
- Наурыз би Едігеұлы — Ұлық Мұхаммед хан және Кіші Мұхаммед хан кезеңіндегі беклербегі
- Темір Мансұрұлы — 1470-1486 Ахмат хан беклербегі