| Бас айналу | |
| ағылш. Vertigo | |
| Сол Басстың түпнұсқа постері | |
| Жанры | нуар, психологиялық триллер, детектив |
|---|---|
| Режиссёрі | |
| Продюсері | |
| Сценарийдің авторы | Алек Коппел |
| Басты рөлдерде | Джеймс Стюарт |
| Операторы | Роберт Беркс |
| Сазгері | Бернард Херрманн |
| Кинокомпания | Alfred J. Hitchcock Productions |
| Дистрибьютор | Paramount Pictures |
| Ұзақтығы | 128 мин. |
| Бюджеті | 2,5 млн $ |
| Кассалық түсімі | 7,3 млн $ |
| Мемлекет |
|
| Тілі | |
| Шыққан жылы | 1958 |
| IMDb | |
| http://www.universalstudiosentertainment.com/vertigo/ Ортаққордағы Бас айналу | |
«Вертиго» (ағылш. Vertigo) — 1958 жылы жарық көрген режиссер Альфред Хичкоктың америкалық психологиялық триллері. Туынды Буало – Нарсежактың 1954 жылғы «Өлілер арасынан» атты романының желісімен түсірілген.
Фильмде әріптесінің қазасына себеп болған биіктіктен қорқу сезімі мен ауыр депрессиядан соң қызметінен кеткен «Скотти» (Джеймс Стюарт) есімді полицейдің тағдыры баяндалады. Оны ескі танысы оғаш мінез-құлық таныта бастаған әйелін бақылау үшін жеке детектив ретінде жұмысқа жалдайды. Алайда осы жұмбақ әйелдің (Ким Новак) ізіне түскенде, баяғы жанына жара салған психологиялық қорқынышы алдынан қайта шығып, оның өмірін тағы да шырмай бастайды.
Бұл туынды — Скоттидің биіктіктен қорқу сезімін жеткізу үшін долли-зум (dolly zoom) әдісі қолданылған алғашқы фильм. Камера арқылы жасалатын, кеңістікті бұрмалап, адамның басын айналдыратын бұл эффект осы фильмдегі қолданысына байланысты кинематографияда жиі «Вертиго эффектісі» деп аталады.
Вертиго фильмі алғаш экранға шыққанда сыншылар оны біржақты қабылдаған жоқ. Алайда уақыт өте келе бұл туынды Хичкок шығармашылығының шыңы әрі әлемдік кино тарихындағы ең ұлы шедеврлердің бірі ретінде мойындалды.
1989 жылы бұл туынды «мәдени, тарихи және эстетикалық маңыздылығы» үшін Конгресс кітапханасының АҚШ фильмдерінің ұлттық тізіліміне енген алғашқы 25 фильмнің қатарына ілікті.Америка кино институтының (AFI) рейтингтерінде де бұл фильмнің шоқтығы биік: мәселен, 2007 жылы ол Америка тарихындағы ең үздік тоғызыншы фильм деп танылды.
Ғылыми ортаның да ерекше назарына іліккен туынды 2012 жылы беделді Sight & Sound басылымының сауалнамасында «Азамат Кейнді» тағынан тайдырып, «тарихтағы ең ұлы фильм» атанды, ал 2022 жылғы тізімде екінші орынды иеленді.
Сюжеті
Сан-Франциско детективі Джон «Скотти» Фергюсон төбедегі қуғын кезінде әріптесінің құлап мертігуіне куә болады. Осы оқиғадан кейін ол биіктіктен қорқу (акрофобия) мен соның салдарынан болатын бас айналу (вертиго) дертіне шалдығып, отставкаға кетеді. Оның бұрынғы қалыңдығы Мидж бұл қорқыныштан тек одан да зор психологиялық сілкініс қана айықтыра алады деп есептейді. Мидж Скоттиге әлі де ғашық болғанымен, ол оның сезіміне жауап қайтармайды.
Колледжде бірге оқыған танысы Гэвин Элстер Скоттиден әйелі Мадленді аңдуды өтінеді. Оның айтуынша, әйелі өзін оғаш ұстай бастаған. Скотти Мадленнің ізіне түсіп, оның Карлотта Вальдестің (1831–1857) бейітіне барғанын және өнер мұражайында «Карлотта портретіне» ұзақ қарап тұрғанын көреді. Жергілікті тарихшы Карлотта Вальдестің өз-өзіне қол жұмсағанын айтып береді: ол кезінде дәулетті адамның көңілдесі болып, оған бала туып берген. Алайда ол адам баланы өзіне қалдырып, Карлоттаны қуып жіберген. Гэвиннің пайымдауынша, Мадленнің тәніне оның арғы әжесі Карлоттаның рухы кіріп алған. Алайда Мадлен мұны білмейді және «аруақ билеген» сәттерде қайда барғанын есіне түсіре алмайды. Скотти Мадленді Форт-Пойнт жағалауында аңдып жүріп, Сан-Франциско шығанағына секірген жерінен құтқарып алады.
Келесі күні Мадлен алғыс айту үшін Скоттиге келіп, олар күні бойы бірге болады. Екеуінің арасында сезім оянып, Мадлен өзін мазалаған қорқынышты түсін айтып береді, ал Скотти бұл түстің Карлоттаның туған жері — Сан-Хуан-Батиста миссиясымен байланысты екенін түсінеді. Ол Мадленді сол жерге апарады. Мадлен кенеттен шіркеуге қарай қашып, қоңырау мұнарасына көтеріледі. Скотти оның соңынан жүгіргенімен, биіктіктен қорқу сезімі оны баспалдақта тоқтатып тастайды. Ол мұнара терезесінен Мадленнің шіркеу шатырына құлап, мерт болғанын ғана көріп үлгереді.
Ресми тергеу Мадленнің өлімін «өз-өзіне қол жұмсау» деп таниды, бірақ коронер Скоттиді оны құтқара алмағаны үшін айыптайды. Гэвин Скоттиге кінә артпаса да, Скотти жаны қатты күйзеліп, соңында психиатриялық емханаға түседі. Көп уақыт өткен соң, есін жиған Скотти Мадлен барып жүрген жерлерді қайта аралайды. Бірде көшеде ол Мадленге айнытпай ұқсайтын Джуди Бартонмен танысады. Оның шаш түсі басқа, әрі Мадленмен салыстырғанда қарапайымдау көрінгенімен, Скотти оның соңынан қалмай еріп жүреді.
Скотти соңынан қалмай қойғанынан қорыққан Джуди оған хат жазып, өзінің шын мәнінде Мадлен екенін мойындайды. Гэвин оны өзіне қатты ұқсайтын, психикалық дерті бар әйелінің рөлін сомдау үшін жалдаған екен. Осы тұста көрерменге өткен шақтан көрініс (флешбэк) көрсетіледі: қоңырау мұнарасына көтерілген Джуди ол жерде Гэвинді көреді, ал Гэвин сол сәтте әйелінің өлі денесін төменге лақтырып жібереді. Скотти биіктіктен қорқатыны белгілі еді, сондықтан ол мұнара басына шыға алмайтын «мінсіз куәгер» ретінде таңдалған. Дегенмен, Скоттиді шын сүйіп қалған Джуди хатты соңына дейін жазып болған соң, оны жыртып тастайды.
Скотти жаңа танысына еріксіз арбалып, оған құлай беріледі. Ол Джудиге Мадленді еске түсіретін көйлек кигізіп, шаш үлгісін де соған ұқсатып өзгертеді. Сүйіктісінен айырылып қалудан қорыққан Джуди оның қысымына көніп, толықтай Мадленнің кейпіне енеді. Екеуі қайта табысқан соң, Джуди бір кездері Мадлен таққан алқаны мойнына іледі. Осы сәтте Скотти шындықтың бетін ашады.
Ол кешкі асқа барудың орнына Джудиді Сан-Хуан-Баутистаға алып келіп, мұнараға қайта көтерілуге мәжбүрлейді. Скотти мұны Мадлен қайтыс болған күні қолынан келмеген істі аяғына жеткізіп, өткеннің құрсауынан босау үшін істеп жатқанын айтады. Скотти оған лап қойып, мұнараның басына қарай сүйрей жөнеледі. Арпалыс үстінде оның бойындағы күшті эмоциялар үрейін жеңіп, баспалдақпен ең жоғары қабатқа қалай шығып кеткенін де байқамай қалады.
Мұнара басында Скотти Джудиді барлық өтірікті мойындауға мәжбүрлейді. Гэвин оны көңілдесі ретінде пайдаланып, «аруақ билеген» Мадленнің рөлін ойнау үшін жалдағаны белгілі болады. Джуди Скоттиге оны шын сүйетінін айтып, ақталады. Скотти Джудиді кешіріп, құшағына алады. Кенет баспалдақтан біреудің аяқ дыбысы естіліп, мұнараға монах әйел кіріп келеді. Қараңғыда бұлдырап көрінген әйелдің бейнесін «аруақ» деп ойлап, зәресі ұшқан Джуди кейін шегінемін деп, мұнарадан құлап кетеді. Скотти екінші рет сүйіктісінен айырылып, есеңгіреп қалады, бірақ оның биіктіктен қорқу сезімі осы соққыдан кейін біржолата жойылады, ал сол сәтте монах әйел шіркеу қоңырауын соға бастайды.
Рөлдерде

| Актёр | Рөлі |
|---|---|
| Джеймс Стюарт | Джон «Скотти» Фергюсон |
| Ким Новак | Джуди Бартон / Мадлен Элстер |
| Том Хелмор | Гэвин Элстер |
| Барбара Бел Геддес | Марджори «Мидж» Вуд |
| Генри Джонс | коронер |
| Рэймонд Бэйли | Скоттидің дәрігері |
| Эллен Корби | «Маккиттрик» қонақүйінің менеджері |
| Константин Шейн | Поп Лейбел |
| Ли Патрик | Мадленмен қателесіп ұқсатылған көлік иесі |
Баяндау құрылымы

«Вертиго» фильмінің фабуласы, Хичкок стиліне тән, жанр заңдылықтары мен көрермен күткеніне мүлдем қайшы құрылған. Триллер заңдарын бұза отырып, фильмінде бар болғаны бір ғана қарқынды көрініс бар және ол туындының ең басына орналастырылған. Барлық детективтік дәстүрлерге қарамастан, детектив кісі өлімін зерттемейді, өйткені ол оқиға соңына дейін қылмыстың орын алғанынан тіпті бейхабар болады. Сонымен қатар, Хичкок қылмыскердің жазасыз қалдыру арқылы классикалық Голливуд қалыптарынан алшақтайды.
Басты кейіпкердің таспа ортасында қаза табуы — «Психо» фильміндегідей күтпеген бұрылыс. Алғашқы 40 минут бойы кейіпкер бір ауыз сөз айтпайды және оның жүзі тек бір рет қана ірі планда көрсетіледі. Новак сомдаған бейненің екіұдайлығы сюжет аяқталуға үштен бір бөлік қалғанда ғана белгілі болады. Бұл режиссердің «көрермен кейіпкерлерге қарағанда көбірек білуі тиіс» деген сеніміне негізделген — дәл осы жағдай саспенсті тудырады.
Фильмге пікір жазған алғашқы сыншылардың өзі «Вертиго» сюжетінің, тіпті Хичкок стандарттарымен өлшегеннің өзінде, шындыққа жанаспайтынын бірден байқаған. Фабуланың қисынсыздығы (абсурдтығы) туралы тезиспен фильм жайлы жазған авторлардың барлығы дерлік және режиссердің өзі де келіседі: «Күйеуі әйелін қоңырау мұнарасынан итеріп жіберіп, көзін жойғысы келеді — бірақ ол Джеймс Стюарттың баспалдақпен көтеріле алмайтынын қайдан білді? Басы айналатынына сенімді болды ма? Оған сенуге бола ма еді!» Хичкок бұл жағдайда өзін «фабула емес, оқиғаның визуалды интерпретациясы» көбірек қызықтырғанын айтып өтеді.
Фильм жанкүйерлерінің пайымдауынша, бұл сюжеттің шындыққа жанаспайтын тұстарын қазбалау — «Андалуз итін» логикасыздығы үшін мінеумен немесе ежелгі грек мифтерінен реализм іздеумен бірдей. Расында да, Скотти мен Мадлен бейнелерінен кез келген нуарға тән «детектив» мен «ажалды ару» қалыбынан өзге, тереңірек мазмұн — Пигмалион мен Галатея, Тристан мен Изольда, Орфей мен Эвридика сынды мәңгілік мифологемалар аңғарылады. Кейіпкерлердің іс-әрекетіндегі трансқа (түс көруге) тән сипаттың басымдығы сондай, тіпті фильмдегі барлық оқиғалар Скоттидің шатырдан құлап бара жатқандағы көз алдына келген елестері деген де болжам бар.
Өндіріс
Сценарий

«Вертиго» фильмінің сценарийі Пьер Буало мен Томас Нарсежактың 1954 жылы жарық көрген «Өлілер арасынан» (D'entre les morts) атты француз романының желісімен жазылған. Хичкок осы авторлардың бұған дейінгі «Ол енді жоқ» (Celle qui n'était plus) атты туындысының экрандау құқығын сатып алуға әрекеттенген, бірақ жолы болмады. Кейіннен бұл романды Анри-Жорж Клузо «Ібілістер» (Les Diaboliques) деген атаумен фильм шығарды.
Франсуа Трюффо бір кездері «Өлілер арасынан» романын Буало мен Нарсежак арнайы Хичкок үшін жазған деген болжам жасаса да, кейінірек Нарсежак мұндай ниеттері болмағанын айтып, бұл пікірді жоққа шығарды. Дегенмен, Хичкоктың авторлар шығармашылығына деген зор қызығушылығының арқасында, Paramount Pictures студиясы 1954 жылы бұл роман әлі ағылшын тіліне аударылмай тұрып-ақ, оның қысқаша мазмұнына тапсырыс беріп қойған болатын.
Бастапқыда «Darkling I Listen» деп аталған сценарийді жазу Максвелл Андерсонға тапсырылғанымен, нәтижесі Хичкоктың көңілінен шықпады. Келесі сценарист Алек Коппельдің де ұсынған нұсқасы жарамсыз деп танылып, кейінге ысырылды. Үшінші нұсқаны Сан-Францисконың топографиясын жақсы білетін Сэмюэл Тейлор дайындады. Оның фильмді «Фриско» бойынша өзіндік бір жолнұсқаға айналдыру идеясы режиссерге қатты ұнады. Дәл осы кезеңде сюжетке көрерменнің сүйікті кейіпкері — Мидж қосылды. Сценариде Коппельдің де алғашқы еңбегі ескеріліп, титрда екі автордың да есімі көрсетілді.
Актерлерді іріктеу

Трюффоға берген сұхбатында Хичкок Мадлен/Джуди рөліне бастапқыда өзінің алдыңғы фильмінде ойнаған Вера Майлзды таңдағанын айтқан. Алайда режиссер кенеттен ауруханаға түсіп, түсірілім кейінге шегерілген кезде, Майлз жүкті болып, рөлден бас тартуға мәжбүр болды. Режиссер түсірілімді тағы да кейінге шегеруден бас тартып, Майлздың орнына Ким Новакты бекітті.
Сол сұхбатында Хичкок фильмнің сәтсіздікке ұшырауын Стюарттың жасымен байланыстырады. Новактан тура екі есе үлкен актер оның ғашығы рөліне аса сәйкес келмеген еді. Соған қарамастан, режиссер Стюарттың қарапайым америкалық бейнесін және оның кез келген нұсқауды артық сұрақсыз бұлжытпай орындайтын қасиетін жоғары бағалаған.
«Мисс Новак түсірілім алаңына өз идеяларын ала келді, ал мен мұндайды мүлдем ұнатпаймын», — деп кейіген екен Хичкок. Ол актрисадан ешқандай сезім білдірмейтін, бейтарап көзқарасты талап етіп: «Шимайланған қағаздан көрі, таза парақты қабылдау әлдеқайда оңай», — дейтін. Новактың айтуынша, режиссер оның сырт келбеті мен шаш үлгісінің алдын ала сызылған бейнеге сай болуын тым қатал қадағалаған.
Бастапқыда актрисаға ыңғайсыз, ескі үлгідегі көйлектер тар қапастай сезілген. Бірақ кейінірек ол бұл психологиялық жайсыздықтың кейіпкер табиғаты үшін өте маңызды болғанын түсінді: өйткені Джуди біреудің кейпіне еніп, «өзгенің терісін жамылып» жүрген еді.
Алғашқы сыншылар Ким Новактың кадрдағы жасқаншақтығын сынағанымен, кейіннен бұл бұйығылықтың кейіпкерге ерекше рең бергені мойындалды. Себебі фильмнің бірінші бөлімінде ол жансыз мүсіндей көрінуі керек болса, екінші бөлімінде абайсыз қимылымен құпиясын ашып алудан сескеніп, барынша сақ қимылдайды.
Түсірілім барысы

Фильм түсірілімі 1957 жылдың 30 қыркүйегі мен 19 желтоқсаны аралығында Сан-Франциско қаласында және Голливудтағы Paramount Pictures студиясында өтті. Сан-Хуан-Баутиста миссиясының мұнарасы Хичкокқа жеткілікті деңгейде әсерлі көрінбеді, сондықтан студияда оның зәулім көшірмесі арнайы тұрғызылды. Мұнара ішіндегі баспалдақ көріністері де павильонда түсірілді. Мадленнің ақшыл-сұр костюмі психологиялық жайсыздық тудыру мақсатында таңдалған (өйткені аққұба әйелдер бұл түсті сирек киеді).
Операторлық техника тұрғысынан ең қиыны — Скотти мұнарадан төмен қараған сәттегі «вертиго» кадрын түсіру болды. Тік бағыттағы түсірілім үшін арнайы көтергіш қажет еді, ал бұл өте қымбатқа түсетін. Хичкок бұл мәселенің шешімін былай тапты:
«Баспалдақтың макетін жасап, оны қырынан жатқызып қойып, камераны алыстата отырып неге түсірмеске? Олай болса ешқандай көтергіштің қажеті болмайды».
Осы сахнада алғаш рет қолданылған трансфокаторды (зумды) жақындату мен камераны кері жылжытудың үйлесімі кинематографияда «Вертиго эффектісі» немесе «транстрав» деген атпен қалды. Бұл «кеңістіктің ұлғаю» әсерін береді: кеңістік бір мезгілде әрі жақындап, әрі алыстап, көрерменді қорқынышты түс әлеміне ендіргендей күй кештіреді.
Фильмде Сан-Франциско шығанағы аймағында түсірілген шынайы кадрлар кеңінен қолданылған. Қала ішіндегі көлік қозғалысы бейнеленген сахналарда басты кейіпкерлердің машиналары ылғи да еңіс көшелермен төмен қарай түсіп бара жатқан күйінде бейнеленеді.
Фильм авторларының арасында Хичкоктың Мадлен өліміне қатысты құпияны (фильмнің орта шенінде) жолданбаған хат арқылы ашып тастау идеясы үлкен талас тудырды. Бұл роман желісі мен бастапқы сценарийден айтарлықтай ауытқу еді. Алайда «саспенс шебері» нағыз шиеленіс көрермен басты кейіпкерге қарағанда оқиға жайлы көбірек білгенде ғана туындайтынына сенімді болды. Хичкоктың табандылығымен студия басшылығына фильмнің екі нұсқасы ұсынылып, хат ашылатын нұсқаға ең соңғы сәтте ғана рұқсат берілді.
Шығарылымы және қабылдануы
Сын

Фильмнің тұсаукесері 1958 жылы 9 мамырда Сан-Францискода өтті. Сол тұста туындыны жұртшылық біршама салқын қабылдады. Мәселен, Los Angeles Times газеті Хичкоктың дәстүрлі детективті хикаяны «созып» жібергенін, соның салдарынан сюжетте «олқылықтар» пайда болғанын жазды.Variety басылымының сыншысы режиссердің шеберлігін жоғары бағалағанымен, оқиғаның тым баяу өрбігеніне наразылығын білдірді. Ал The New York Times тілшісі Босли Краузерді сюжеттің мүлдем қисынсыздығы (сенімсіздігі) таңғалдырды.The New Yorker басылымының шолушысы Джон Маккартен Хичкоктың бұған дейін «мұндай қисынсыз сандыраққа ешқашан жол бермегенін» айтып, фильмді келемеждеп жазды. Осылайша, фильм «Оскар» сыйлығына тек екі техникалық номинация бойынша ғана ұсынылды.
Шыққаннан кейінгі алғашқы онжылдықта бұл фильм режиссердің басқа туындыларының арасында «ортаңқол» дүние ретінде қарастырылды. Фильмге деген құқықты режиссердің өзі сатып алған болатын, сондықтан түрлі заңдық қиындықтарға байланысты туынды ұзақ уақыт бойы теледидардан да, кинотеатрлардан да көрсетілмеді. «Вертиго» фильмі 1983 жылдың қазан айында кинотеатрларға қайта шығарылып, кейін 1984 жылдың қазанында үй видиосы ретінде жарық көргенде, ол үлкен коммерциялық табысқа кенеліп, сыншылардың таңданысқа толы пікірлеріне ие болды.
1960 жылдардың өзінде-ақ Cahiers du Cinéma басылымының сыншылары Хичкокты байсалды өнер иесі ретінде қайта бағалай бастады. 1959 жылы бұл туынды аталған журналдың «Жылдың үздік 10 фильмі» тізімінде сегізінші орынға ие болды. Дегенмен, тіпті Франсуа Трюффоның 1962 жылы жарық көрген Хичкокпен сұхбаттар кітабында «Вертиго» фильміне тек бірнеше бет қана арналған.
Қайта бағалау
Дэн Ойлердің пайымдауынша, фильмді нағыз қайта бағалау кезеңі 1968 жылы британ-канадалық ғалым Робин Вудтың «Хичкоктың фильмдері» атты еңбегінен басталды. Ол бұл туындыны «Хичкоктың бүгінгі күнге дейінгі басты шедеврі және кино өнері бізге тарту еткен ең терең әрі әдемі төрт-бес фильмнің бірі» деп атаған.
1989 жылы Конгресс кітапханасы «Вертиго» фильмін «мәдени, тарихи және эстетикалық тұрғыдан маңызды» деп танып, оны АҚШ фильмдерінің ұлттық тізілімі құрылған алғашқы жылы-ақ сақтау үшін таңдап алды. 1998 жылы Time Out журналы өткізген сауалнама қорытындысы бойынша «Вертиго» барлық заманның ең ұлы фильмдері арасында бесінші орынға ие болды. Ал 1999 жылы The Village Voice басылымы сыншылар арасында жүргізілген сауалнама негізінде жасалған «Ғасырдың үздік 250 фильмі» тізімінде оны 3-орынға қойды. Сол жылы Entertainment Weekly басылымы туындыны барлық заманның ең ұлы фильмдері тізімінде 19-орынға жайғастырды.
2002 жылдың қаңтарында фильм Киносыншылардың ұлттық қоғамы жасаған «Барлық заманның ең маңызды 100 фильмі» тізіміне енді. 2005 жылы Total Film журналы «Вертиго» фильмін «Барлық заманның 100 ұлы киносы» тізімінде тек «Жақсы жігіттерден» кейінгі екінші орынға қойды.
2008 жылы Empire журналының оқырмандар, актерлер және сыншылар арасында жүргізген сауалнамасы бойынша бұл туынды түсірілген ең ұлы фильмдердің ішінде 40-орынға ие болды. Дәл сол жылы Cahiers du Cinéma нұсқасы бойынша «100 ұлы фильм» тізімінде 8-орынды иеленді. 2009 жылы жапондық Kinema Junpo киножурналының «Барлық заманның үздік 10 шетелдік фильмі» тізімінде 10-орынды иеленді.
2010 жылы The Guardian басылымы оны барлық заманның үшінші үздік криминалдық фильмі деп таныды. 2015 жылы BBC жасаған «100 ұлы америкалық фильм» тізімінде «Вертиго» үшінші орынға жайғасты.
Ал 2022 жылы Time Out журналы бұл туындыны «Барлық заманның 100 үздік триллері» тізімінде 15-орынға қойды.
2012 жылдың тамызында Британия кинематография институтының Sight & Sound журналы әр 10 жыл сайын өткізілетін әлемдегі ең ауқымды киносыншылар сауалнамасының қорытындысын жариялады. Осы сауалнама нәтижесі бойынша, Хичкоктың фильмі соңғы жарты ғасырда алғаш рет «Азамат Кейнді» тағынан тайдырып, «барлық заман мен халықтардың ұлы фильмі» мәртебесіне ие болды.
Марапаттары мен номинациялары
| Марапаттары мен номинациялары | |||
|---|---|---|---|
| Марапат | Санат | Номинант | Нәтиже |
| Оскар | Үздік қоюшы суретші жұмысы | Хэл Перейра, Генри Бамстед, Сэм Комер, Рэй Мойер | Номинация |
| Үздік дыбыс | Джордж Даттон | Номинация | |
| Сан-Себастьян кинофестивалі | Үздік режиссер («Күміс қабыршақ») | Альфред Хичкок | Жеңді |
| Америка режиссерлер гильдиясы | Көркем фильмдегі үздік режиссура | Альфред Хичкок | Номинация |
| АҚШ фильмдерінің ұлттық тізілімі | Мәдени, тарихи немесе эстетикалық маңызы бар фильм | «Вертиго» | Енгізілді |
Америка кино институтының (AFI) мойындауы
- 100 жыл… 100 фильм (1998) — №61
- 100 жыл… 100 шытырман оқиғалы фильм (2001) — №18
- 100 жыл… 100 құштарлық (2002) — №18
- 100 жыл… үздік кино музыкасы (2005) — №12
- 100 жыл… 100 фильм (10 жылдық мерейтойлық басылым) (2007) — №9
- 10 жанрлық фильм (2008) — №1 (үздік детектив)
- Алфавит бойынша фильмдер
- 1958 жылғы фильмдер
- Альфред Хичкок фильмдері
- 1958 жылғы АҚШ фильмдері
- Paramount Pictures фильмдері
- АҚШ триллер фильмдері
- АҚШ детективті фильмдері
- Нуар фильмдері
- Франция романдарының экрандаулары
- АҚШ фильмдерінің ұлттық тізілімі