| Жыр Құтлы | ||
| Лауазымы | ||
|---|---|---|
| ||
| Өмірбаяны | ||
| Діні | ислам | |
| Династия | Қият | |
| Әкесі | Исатай Қият | |
| Балалары | Теңіз Бұқа | |
| өңдеу | ||
Жыр Құтлы — XIV ғасырдағы Алтын Орданың (Жошы Ұлысының) ірі саяси және әскери қайраткері, түркіленген қият тайпасынан шыққан бек (әмір). Ұлы дүрбелеңнің басталу кезеңінде Жошы Ұлысының сол қанатының (Көк Орданың) билеушісі болған. Ол түменбасы Мамайдың туған нағашысы еді..
Өмірбаяны
Жыр Құтлы қият тайпасының атақты әулетінен шыққан. Оның әкесі — Өзбек хан тұсында төрт ұлы әмірдің (ұлыс бектерінің) бірі болған әйгілі әмір Исатай Қият. Әкесі қайтыс болғаннан кейін Жыр Құтлы қият ұлысын басқару билігін мұраға алды. Оның иеліктері Арал маңы далаларында және қазіргі Қазақстанның оңтүстігінде, Сырдарияның төменгі және орта ағысы бойында орналасқан еді. Жәнібек хан билігі кезінде және Алтын Ордадағы өзара тақ таласы кезеңінде («Ұлы дүрбелеңде») Жыр Құтлы аса зор саяси ықпалға ие болып, мемлекеттің шығыс бөлігін іс жүзінде өзі басқарды.
Ұрыс ханмен қақтығысы және қазасы
1360-жылдары Орданың шығыс бөлігінде Тоқа Темір әулетінен шыққан Ұрыс ханның күшеюі басталды. Билікті орталықтандыруға және көшпелі ақсүйектерді өзіне бағындыруға ұмтылған Ұрыс хан тәуелсіз әмірлермен қатаң күрес жүргізді. Жыр Құтлы Шыңғыс әулетінен шыққан билеушінің орталықтандыру саясатына қарсы шықты. Осы саяси әрі әскери тартыс барысында ол тұтқынға түсіп, Ұрыс ханның бұйрығымен өлтірілді. Ықпалды әмірдің қазасы қият тайпасының Ұрыс ханға қарсы ірі көтерілісіне себеп болды. Бұл көтерілісті Жыр Құтлы ұлы Теңіз Бұқа басқарды. Алайда ол да осы күресте қаза тапты. Ортағасырлық деректерде бұл оқиғалар Көк Ордадағы билік үшін күрестің маңызды кезеңдерінің бірі ретінде сипатталады.
Жыр Құтлының ұлы Теңіз Бұқа Сырдария бойында әкесінің қабірінің үстіне зәулім кесене тұрғызды, бұл нысан көшпенділер үшін маңызды географиялық бағдарға айналды.
Тарихи деректердегі мәліметтер
- «Дафтар-и Шыңғыс-наме» атты татар тарихи шежіресінде Жыр Құтлы туралы егжей-тегжейлі мәліметтер келтірілген. Онда оның шыққан тегі баяндалып, далада ұзақ уақыт бойы оның кесенесі — Жыр Құтлы күмбезі болғаны және оның көшпелілер үшін маңызды бағдар ретінде қызмет атқарғаны айтылады.
- Жами ат-тауарих (Қадырғали Жалайыридің шежірелік еңбегі) оның әмір Исатайдан тарайтыны және ұлысты басқарудағы рөлі туралы мәлімет береді.
Әдебиеттер
- Цари ордынские. Биографии ханов и правителей Золотой Орды. Санкт-Петербург: Евразия, 2010.
- Генеалогия джучидов в XV—XVIII веках, 2009.
- Восточный Дешт-и Кыпчак в XIII — первой половине XV века, Алматы, 2010.
- Алфавит бойынша тұлғалар
- Алтын Орда билері