Қолдау
Тегін жүктеу және ақпараттық платформа
  • Уикипедия

Моғұл Бұқа (?? — 1361) — Алтын Орданың мемлекеттік қайраткері. 1337-1351 жылдары беклербегі лауазымын атқарды, 1351-1359 жылдары төрт қарашы бектің бірі болды.

Моғұл Бұқа

  • Басты бет
  • Моғұл Бұқа

Моғұл Бұқа (?? — 1361) — Алтын Орданың мемлекеттік қайраткері. 1337-1351 жылдары беклербегі лауазымын атқарды, 1351-1359 жылдары төрт қарашы бектің бірі болды.

Моғұл Бұқа
Лауазымы
Алтын Орданың беклербегі
1337 — 1351
Ізашары Исатай Қият
Ізбасары Құтлұқ Бұқа
Өмірбаяны
Дүниеге келуі белгісіз
Қайтыс болуы 1361 (1361)
Династия Қыпшақ
Балалары Ілияс, Темір
өңдеу Үлгі құжаттамасын қараңыз

Мазмұны

Өмірбаяны

Шыққан тегі

Моғұл Бұқа Қыпшақ тайпасынан шыққан. Кейбір деректер бойынша, оның әкесі Өзбек хан кезіндегі беделді қарашыбек Сунж-Бұқа, ал Моғұл Бұқаның әпкесі Тайдула, Өзбек ханның сүйікті әйелі болған.

Өзбек хан тұсында

1337 жылы Алтын Орданың бұрынғы әмірлері Исатай Қият пен Құтлұқ Темір қайтыс болғаннан кейін, Моғұл Бұқа Өзбек ханының беклербегі болып тағайындалады. Өзбек ханның бұл шешімі Тайдула хатунның айтарлықтай ықпалымен жүзеге асырылды деп есептеледі. Моғұл Бұқа ресми дереккөздерде беклербек ретінде алғаш рет 1337 жылдың 2 қазанында аталады. Осы күні көпес Музаффар бастаған Алтын Орда дипломатиялық миссиясы Каирге, Мысыр сұлтанының сарайына келді. Елшілік Моғұл Бұқа мен әмір Сунж Бұқаның атынан жіберілді.

Жәнібек хан тұсында

1341 жылы Өзбек хан қайтыс болғанда, оның үлкен ұлы және мұрагері Дінібек Сарайда болмай, Орта Азиядағы жорығында еді. Нәтижесінде, Өзбектің екінші ұлы Жәнібек уақытша билеуші болып жарияланады. Дінібектің оралуы туралы хабар астанаға жеткенде, Жәнібек анасы Тайдуладан қолдау сұрайды. Тарихшы әл-Омаридің айтуынша, екі ұлының арасында Тайдула Жәнібектің жағын таңдайды. Сүйтіп, ықпалын пайдаланып, Сарай әмірлері мен өз ағасы Моғұл Бұқаны тұңғыш ұлы әрі тақ мұрагері Дінібекті өлтіруге көндіреді. Әмірлер сұлтанды қарсы алуға шығып, Дінібекке ант беру рәсімі кезінде оны өлтіреді. Бұл оқиға 1342 жылы Сарайшық қаласында болды. Таққа отырғаннан кейін Жәнібек алғыс ретінде Моғұл Бұқаны беклербек етіп бекітіп, Тула қаласын, сондай-ақ Азак (Азов) қаласынан түсетін кірістің бір бөлігін Тайдуланың жеке меншігіне береді. Жәнібектің билігі кезінде Қыпшақ өкілдерінің Алтын Ордадағы саяси жағдайы біршама күшейе түсті. Моғұл Бұқа мен Тайдуланың ханның ішкі және сыртқы саясатына әсері айтарлықтай болды. Моғұл Бұқаның осы кездегі мәртебесінің маңыздылығын шетелдік дереккөздер де растайды: сол замандағы Венеция дожы ол туралы «Орданың ұлы және құдіретті мырзасы, жоғары құрметті қадірлі тұлғасы» деген жазба дерек қалдырады.

Жәнібек ханның тұсында Моғұл Бұқа бірқатар әскери жорықтарды басқарды, бірақ біразының нәтижесі ойдағыдай болмады. Ең танымал шайқас 1346 жылы орын алды - Жәнібек хан Моғұл Бұқаға, Қырымдағы генуялық Каффа (қазіргі Феодосия) бекінісін бағындыруды тапсырады. Қамалды қоршау кезінде татар әскері арасында оба індеті таралып, Моғұл Бұқа қоршауды алып тастап, шегінуге мәжбүр болады. Шегінген кезде ол обадан қайтыс болған сарбаздардың мәйіттерін катапульталармен бекініс қабырғаларының ар жағына лақтыруды бұйырады. Көп ұзамай індет қаланың ішінде де тарайды. Аурудан қашқан генуялықтар Каффаны теңіз арқылы асығыс тастап, Еуропаға қашып кетеді. Бұл оқиғаларды генуялық заңгер Габриэль де Мусси былай сипаттайды: «Сапарда ауыр ауруға шалдыққандықтан, бізбен бірге жолға шыққан мың адамның онға жуығы ғана тірі жетті». Ол сондай-ақ сол уақытқа дейін Шығыста бұл оба індеті ұзақ уақыт бойы өршіп, «мыңдаған көшпенділердің» өмірін қиғанын атап өтті. Бұл оқиға биологиялық қаруды қолданудың алғашқы құжатталған жағдайларының бірі және Еуропада Қара өлім деп аталған пандемияның таралуындағы ең басты сәт болып саналады.

Әскери сәтсіздіктер, оба эпидемиясы және содан орын алған халық шығыны мен мал тапшылығы беклербектің жағдайын нашарлатып, Алтын Орда зиялыларының арасында ішкі саяси күрестің ушығуына себеп болады. Бұл оқиғалар «Дафтар-и Чингизнаме» тарихи дереккөзінде сақталған «Иса ұлы Амат туралы дастанда» көрініс тапқан. Ол дастанда Үйсін тайпасының бегі Амат пен Қыпшақ беклербегі Моғұл Бұқа арасындағы саяси қақтығыс баяндалады. Дастан бойынша, Жәнібек ханның қызы Үйсін Аматқа уәде етілгеніне қарамастан, Моғұл Бұқаның ұлы Темірге тұрмысқа беріледі. Бұған келіспеген Амат, ханшайымды ұрлап, Сарайдан қашып кетеді. Жәнібек хан арттарынан Алшын тайпасының әмірі Алауды қуғыншы қылып жібереді. Алайда, Аматтың әкесі Исаның көптен бергі досы болған Алау қашқындарды аяп, оларға қосылады. Сүйтіп олар Алатау етегіндегі Орда шекарасында қазақлықта жүрген Ұрыс ханға қосылып, пана табады. Бұл әңгіме қазақ шежіресінде және Алаша хан туралы аңыздарда да кездеседі.

Моғұл Бұқаның сыртқы және ішкі саясаттағы сәтсіздіктеріне байланысты (мүмкін басқа да себептермен) 1349 және 1351 жылдың тамыз айлары аралығында, Жәнібек хан Орданың ең жоғарғы лауазымдағы қызметшілерін ауыстырады. Беклербек лауазымы Өзбек хан заманынан бері әйгілі әскери қолбасшы болған Найман Құтлұқ Бұқаға өтеді. Хан, Құтлұқ Бұқаны болашақ әскери жорықтарды басқаруға бейімдірек деп санаған болса керек. Сонымен қатар, басқа да жоғары лауазымдарда өзгерістер болды: Жәнібек хан уәзір Толыбайдың ұлы Сұмайды өлім жазасына кесіп, Толыбайды сарайдан қуып шығарады. Нәтижесінде, Өзбек ханның тұсында беклербек болған Құтлұқ Темірдің інісі, Мұхаммед Қожа жаңа уәзір болып тағайындалады.

Бердібек хан тұсында

1356 жылы Елхан империясында азаматтық соғыстардың жалғасып жатқанын пайдаланып, Жәнібек хан Иран мен Әзірбайжанға әскери жорық бастайды. Жорық кезінде Тебриз қаласын басып алып, үлкен ұлы Бердібек сұлтанды 50-мыңдық әскермен қаланың әмірі етіп қалдырады. Жәнібек хан Сарайға қайтар жолында денсаулығы нашарлайды. Ханның ауруы Алтын Орданың әмірлерінің арасында шиеленістік пен қастандықтардың артуына әкеледі. Ішкі саяси дағдарыс 1357 жылдың жазында сарай төңкерісімен аяқталады. Тақ мұрагері Бердібек пен Толыбай әмір Ұлы хан Жәнібек пен оның барлық ұлдарының өліміне әкеп соққан қастандық ұйымдастырады. Төңкерістің ерекше қатыгездігін «Ескендір анонимі» былай деп баяндайды: Тайдула Бердібектің сегіз айлық інілерінің бірін қолына алып, одан бейкүнә нәрестені аяуын өтінеді. Алайда, Бердібек баланы оның құшағынан алып, жерге лақтырып өлтіреді.

Ұлы дүрбелең

Бердібек ханның билігі кезінде Моғұл Бұқа өз ықпалын жоғалта бастайды. Беклербек лауазымы әйгілі Қият тайпасының өкілі Исатайдың немересі Мамайға тапсырылады. Алдыңғы беклербек Құтлұқ Бұқа Қырымның ұлысбегі болып тағайындалады, ал Қаңлы Толыбай ханның уәзірі қызметіне қайтады. Алайда, Бердібектің билігі бар болғаны екі жылға созылады, ол қайтыс болғаннан кейін Бату ұрпақтарының көзі жойылады. Бұл оқиға Ордада «Ұлы дүрбелең» деп аталатын азамат соғысының басталуына себеп болады. Бірнеше ықпалды әмірлер мен рубасылары, өзіне бағынатын Жошының басқа ұрпағынан тараған «қуыршақ хандарын» тағайындап, билік үшін соғыс бастайды. Тайдула ағасы Моғұл Бұқаның қолдауына сүйене отырып, хандарды таққа отырғызып, қаласа ауыстыра салатын «патша құрушыға» айналады, бірақ ушығып бара жатқан азамат соғысын тоқтата алмайды. Сүйтіп 1361 жылы Моғұл-Бұқа, оның әпкесі Тайдула және Орданың басқа да бірқатар әмірлері (Ахмед, Нағанай) хан тағына үміткерлердің бірімен қақтығыс кезінде қаза табады.

Ұрпақтары

Моғұл Бұқаның саяси мұрагері оның ұлы Ілияс болды. Әкесі сияқты, ол да Алтын Ордадағы Ұлы дүрбелең кезінде маңызды рөл атқарған ықпалды әмір болды.

←Келесі жазбаАлдыңғы жазба→
Ең көп оқылған - Уикипедия
  • Сәуір 04, 2026

    Жалағаш ауданы

  • Сәуір 13, 2026

    Ғылым тілі

  • Наурыз 10, 2026

    Тәуелдік жалғау

  • Сәуір 07, 2026

    Сәбит Мұқанов

  • Сәуір 16, 2026

    Сартақ хан

Студия

  • Уикипедия

Жаңалықтарға жазылу

Байланысу
Бізбен байланыс
© 2025 www.wikimap.kk-kz.nina.az - Барлық құқықтар қорғалған.
Авторлық құқық: Dadash Mammadov
Жоғары