| Рауан Кенжеханұлы | |
Кенжеханұлы, 2024 жыл | |
| Туған күні | 1 мамыр 1979 (47 жас) |
|---|---|
| Туған жері | Тарбағатай ауданы, Шығыс Қазақстан облысы, Қазақ КСР, КСРО |
| Қызметі | «Халықаралық «Қазақ тілі» қоғамы» қоғамдық бірлестігінің президенті |
| Әкесі | Кенжехан Слямжанұлы Матыжанов |
| Анасы | Әсипат Сауытбекқызы Алметова |
| Жұбайы | Мира Хариевна Райымбекова |
| Балалары | 4 |
| Марапаттары мен сыйлықтары | |
| Сайты | |
Рауан Кенжеханұлы (1 мамыр 1979 жыл, Тарбағатай ауданы, Шығыс Қазақстан облысы) — қазақстандық қоғам қайраткері, журналист, дипломат және әлеуметтік кәсіпкер, 2011 жылғы «Жыл Уикипедияшысы».
Кенжеханұлы — «Халықаралық «Қазақ тілі» қоғамы» қоғамдық бірлестігінің президенті (2023), халықаралық Young President Organization ұйымының Қазақстандық бөлімшесінің төрағасы (2024–2025).
Өмірбаяны
Кенжеханұлы 1979 жылғы 1 мамырда Шығыс Қазақстан облысында дүниеге келген. Әкесі — Матыжанов Кенжехан Слямжанұлы, анасы — Алметова Әсипат Сауытбекқызы, екеуі де филологтар.
Білімі
- Алматы қаласындағы 161 көпсалалы гимназияның түлегі (1996).
- Абай атындағы Қазақ ұлттық педагогикалық университетін «Халықаралық қатынастар» мамандығы бойынша бітірген (2001).
- 2004 жылы Стратегиялық менеджмент және Қаржы мамандығы бойынша ғылым магистрі дәрежесін алды.
- 2011 жылы Гарвард университетінде Халықаралық қатынастар бағдарламасы бойынша зерттеу бағдарламасын аяқтаған.
Кәсіби қызметі
2001 жылдан бастап Кенжеханұлы «Хабар» телеарнасында журналис болып жұмыс істеді, «Хабар» арнасының атынан Қазақстан президентінің журналистер пулына кіреді, кейін «Хабар» телеарнасында «Жеті күн» апталық қорытынды талдау бағдарламасының редакторы.
2004 жылдан ол «Хабар» агенттігінің Ресейдегі меншікті тілшісі.
2005–2006 жылдары ол Қазақстанның Ресейдегі Елшілігінде баспасөз қызметі басшысы, мәдени-гуманитарлық ынтымақтастық бөлімінің меңгерушісі, бірінші хатшы.
2006–2008 жылдары ол «Қазақстан» республикалық телерадиокорпорациясының Маңғыстау облыстық филиалының директоры.
2008–2009 жылдары ол Маңғыстау облысы әкімінің қоғамдық-саяси мәселелер жөніндегі кеңесшісі.
2009 жылдан 2011 жылға дейін Кенжеханұлы «Халықаралық қатынастар» мамандығы бойынша Гарвард университетінде оқуын жалғастырады.
2010–2011 жылдар аралығында ол — Гарвард университеті лингвистика департаментінің оқытушысы.
2011 жылдан бастап ол электронды білім саласында қызмет ететін Bilim Media Group компаниясының басшысы және «WikiBilim» қоғамдық қорының жетекшісі.
2014–2016 жылдары ол Қызылорда облысы әкімінің идеология бойынша орынбасары.
2016 жылғы 1 қыркүйектен бастап ол Bilim Media Group директоры болып жұмыс істеді.
2017 жылғы 1 маусымнан бері ол «Ұлттық Аударма бюросы» қоғамдық қорының атқарушы директоры (бұрынғы - WikiBilim) болды. Қор 2017–2020 жылдар аралығында әлемнің үздік оқулықтарын қазақ тіліне аудару бойынша «Жаңа гуманитарлық білім. Қазақ тіліндегі 100 жаңа оқулық» жобасын жүзеге асырды.
Кенжеханұлы бір кездері Қазақстан президентінің жанындағы Ұлттық қоғамдық сенім кеңесінің мүшесі еді, әлеуметтік даму және білім беру мәселелері жөніндегі топқа кірді.
2023 жылғы 21 шілдеден бастап ол Халықаралық «Қазақ тілі» қоғамының президенті болып сайланды.
2024–2025 жылдары ол — Халықаралық Young President Organization ұйымының Қазақстандық бөлімшесінің төрағасы.
2026 жылғы сәуірде ол «Әділет» партиясын құру туралы бастамашы топ жетекшісі ретінде партия құруға өтініш тапсырды.
Қоғамдық қызметі
- 2011–2013 жылдары ол WikiBilim қоры Уикипедияның қазақ тіліндегі нұсқасын ілгерілету жобасын жүзеге асырды.
- 2012–2014 жылдары ол қор қазақ тілін Google Аудармашы сервисіне қосу жөніндегі бағдарламаны іске қосты.
- Қазақстандық кәсіпкерлердің YPO Kazakhstan қауымдастығының мүшесі.
- 2022 жылдан бастап Қазақстан Ұлттық спорт түрлері федерациясының вице-президенті.
- Конституциялық реформа жөніндегі комиссия мүшесі (2025–2026)
- Ұлттық құрылтай мүшесі (2024–2026)
- «Әділет» саяси партиясының бастамашыл тобының мүшесі (2026).
WikiBilim қоры
2011 жылы Рауан Кенжеханұлы WikiBilim қоғамдық қорын құрды. Қордың негізгі мақсаты — интернетте қазақ тіліндегі ашық және сапалы ақпараттың қолжетімділігін арттыру, қазақ тілін цифрлық ортада дамыту болды.
WikiBilim қорының ең маңызды жобасы — қазақша Уикипедияны дамыту болды. 2011 жылдың басында қазақша Уикипедияда небәрі 7 мыңға жуық мақала болып, оны тек 4 адам белсенді түрде толықтырған. Рауан Кенжеханұлының басшылығымен қор Википедия қауымдастығын құруға, волонтерлерді тартуға және мақалаларды жүйелі аударуға кірісті. Нәтижесінде бірнеше жыл ішінде қазақша мақалалар саны 200 мыңнан асты, ал тұрақты редакторлар саны 250–350 адамға жетті.
2011 жылғы тамызда Уикипедияның негізін қалаушы Джимми Уэйлс Рауан Кенжеханұлын әлемдегі алғашқы «Жыл Уикипедияшысы» (Wikipedian of the Year) атағымен марапаттады. Бұл марапат оның қазақша Уикипедияны дамытуға қосқан үлесін халықаралық деңгейде мойындаудың айғағы болды. Кейін Уэйлс 2014 жылы Кенжеханұлының Қызылорда облысы әкімінің орынбасары болып тағайындалғанын білгесін, марапаттың берілгеніне күйінді, алайда 2011 жылы оның әлі де саяси тұлға болмай тұрғанын айтып кетті:
| Егер мен біреудің 2014 жылы менің ұнатпайтын жұмысқа орналасатынын білсем, 2011 жылы оларға [осы] марапат беруден бас тартар ма едім? Иә, мен бұл марапатты беруден бас тартар едім. Джимми Уэйлс, 2015 |
WikiBilim қорының басқа да жобалары:
- Google Аудармашы қызметіне қазақ тілін қосу (2012–2014 жылдар). Қордың командасы аударма алгоритмдерін жасау және мәліметтер базасын қалыптастыру үшін Уикипедия мақалаларын кеңінен пайдаланды. 2014 жылы қазақ тілі Google Translate-ке ресми қосылды.
- Қазақстанның ашық кітапханасы (Kitap.kz жобасының негізі) — қазақ тіліндегі әдебиетті цифрландыру.
- Қазақ тілінің әмбебап сөздігі және Қазақ әдебиетінің аудиохрестоматиясы жобалары.
- Уикипедияны насихаттау бойынша семинарлар, университеттердегі презентациялар және Wiki-Бәйге конкурстары.
2017 жылғы 1 маусымнан бастап Кенжеханұлы «Ұлттық аударма бюросы» қоғамдық қорының (бұрынғы WikiBilim қоры) атқарушы директоры болып тағайындалды. Қордың атауы өзгертіліп, қызметі негізінен қазақ тіліндегі ғылыми-гуманитарлық контентті дамытуға және аударма жобаларына бағытталды.
«Жаңа гуманитарлық білім. Қазақ тіліндегі 100 жаңа оқулық» жобасы
«Рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында іске асырылған жоба әлемнің үздік университеттерінің гуманитарлық ғылымдар бойынша (философия, әлеуметтану, психология, экономика, менеджмент, дінтану, лингвистика, мәдениеттану т.б.) оқулықтарын қазақ тіліне аударуды көздеді.
Жоба барысында 100-ден астам оқулық аударылып, басылды және ЖОО-ларға тегін таратылды (әр оқулықтың 10 мың данасы). Аудармаға 300-ден астам маман (аудармашылар, редакторлар, сарапшылар) қатысты. Оқулықтардың электронды нұсқалары OpenU.kz (Қазақстанның ашық университеті) платформасына жүктелді. Әр пән бойынша мультимедиялық видеолекциялар (қазақ және орыс тілдерінде), конспектілер мен тест сұрақтары дайындалды. Жоба студенттерге әлемдік деңгейдегі білімді қазақ тілінде алуға мүмкіндік берді және қазақ ғылыми терминологиясын байытты.
Абай шығармаларының аудармасы
2020 жылғы ірі жоба (Абайдың 175 жылдығы) президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың бастамасымен және тапсырмасымен Ұлттық аударма бюросы қоғамдық қоры Абай Құнанбайұлының шығармаларын 10 тілге (ағылшын, араб, қытай, испан, орыс, француз, неміс, түрік, жапон) аударды. Көптеген тілдерге бұл шығармалар (ағылшын, араб, түрік, қытай, неміс, жапон) алғаш рет қазақ тілінен тікелей аударылды. Жобаға беделді баспа үйлер қатысты (мысалы, испан тіліне — Сервантес институты мен Visor баспасы, итальянға — Gruppo Mondadori, французға — Editions Gallimard, жапонға — Hanaden-sha, т.б.). Жинақтар 100-ден астам елдің кітапханалары мен мәдени орталықтарына жіберілді. Аудармашылар мен зерттеушілердің бір тобы Достық орденімен марапатталды (50-ден астам шетелдік маман).
Қазіргі қазақ әдебиетінің антологиясы
Жоба президент Нұрсұлтан Назарбаевтың бастамасымен және «Рухани жаңғыру» мемлекеттік бағдарламасының шеңберінде жүзеге асты. Ұйымдастырушысы — Қазақстан Республикасы Мәдениет және спорт министрлігі, үйлестіруші — Ұлттық аударма бюросы қоғамдық қоры. Антологияның мазмұны мен құрылымы Қазақстан жазушылар одағының арнайы отырысында бекітілді.
Антология екі томнан тұрады:
- «Қазіргі қазақ прозасының антологиясы» (шамамен 500–600 бет);
- «Қазіргі қазақ поэзиясының антологиясы» (шамамен 500–600 бет).
2018–2020 жылдары антология БҰҰ-ның 6 ресми тіліне (ағылшын, араб, қытай, испан, орыс, француз) аударылды. Әр тілдегі таралымы — 10 мың дана. Жалпы таралымы — 120 мың дана. Жинақтар әлемнің 93 мемлекетіндегі 23 мыңнан астам ірі кітапханаға, университеттерге және ғылыми орталықтарға жеткізілді. Аударма жұмыстарына халықаралық аудармашылар мен сарапшылар тартылды, сапасы Қазақстан Жазушылар одағы мен абайтанушылар тарапынан қатаң бақыланды. Кейбір тілдерде (ағылшын тілінде) Cambridge University Press сияқты беделді баспамен серіктестікте шығарылды. 2019–2020 жылдары әлемнің түрлі елдерінде (Алматы, Мәскеу, Париж, Каир, Мадрид т.б.) тұсаукесер рәсімдері өтті.
Халықаралық «Қазақ тілі» қоғамы
2023 жылғы 21 шілдеде Астанада өткен Халықаралық «Қазақ тілі» қоғамының VII құрылтайында Рауан Кенжеханұлы қоғамдық бірлестіктің президенті болып сайланды. Президент болып сайланғаннан кейін Рауан Кенжеханұлы қоғамның жұмысын жаңғыртуға, оның қызметін заманауи талаптарға сай етуге бағытталған бірқатар бастамаларды қолға алды.
Эндаумент
2023 жылғы 12 қазанда Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев Рауан Кенжеханұлын қабылдап, қоғамның жобалары мен алдағы жоспарларын талқылады. Кездесуде эндаумент қорының маңызы ерекше аталды. Президент өзінің жеке қаражатынан қоғамның эндаумент қорына 7 000 000 теңге жолдады. 2026 жылғы дерек бойынша Эндаумент қорында 700 млн теңгеден астам қаражат жиналды.
Oxford Qazaq Dictionary
Oxford Qazaq Dictionary — қазақ және ағылшын тілдері арасындағы алғашқы толыққанды екіжақты (қазақша-ағылшынша және ағылшынша-қазақша) Oxford сөздігі. Ол қазақ тілін Oxford Global Languages халықаралық сериясына енгізген маңызды жоба болып табылады.
Сөздік Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың тапсырмасымен Ұлттық аударма бюросы қоғамдық қоры (кейін Халықаралық «Қазақ тілі» қоғамы) тарапынан әзірленді.
Жұмыс 4 жылға созылды (шамамен 2019–2023 жылдар). 50-ден астам тәжірибелі лингвист, аудармашы және маман қатысты. Oxford University Press әлемге танымал баспасының әдістемесі мен технологиясы қолданылды (Oxford English Dictionary стандартына сәйкес). Сөздік қазақ және ағылшын тілдерінің қазіргі лексикасын (қазіргі мәдениет, IT, медицина, экономика, қаржы, сауда салаларындағы жаңа сөздерді) толық қамтиды. Таралымы: алғашқы басылымы — 10 000 дана.
Алғашқы ресми таныстырылым 2023 жылдың 19 желтоқсанында Назарбаев Университетінде (NU) өтті. Кейін ҚазҰУ-да, Сенатта, Қызылордада, Атырауда және Ұлыбританияда (2024 жылдың қаңтарында) таныстырылымдар ұйымдастырылды.Сөздік Қазақстанның ірі кітапханаларына, жоғары оқу орындарына және әлемнің көптеген елдеріне таратылды. Қазақ тілі Oxford сөздіктер сериясындағы 60-шы тіл болып тіркелді. Сөздіктің электронды нұсқалары да бар, ал кейбір macOS/iOS құрылғыларында Oxford Kazakh dictionary ретінде кіріктірілген.
Әділет партиясы
2026 жылғы сәуірде Кенжеханұлы Қазақстанда жаңадан құрылып жатқан «Әділет» саяси партиясының бастамашыл тобының мүшесі болды. Бұл — 2026 жылғы Конституциялық реформа мен «Әділетті Қазақстан» тұжырымдамасын қолдаған азаматтардың бастамасымен құрылған жаңа саяси күш.
15 сәуірде бастамашыл топ ресми мәлімдеме жасап, партия құру ниетін жариялады. Кейін Әділет министрлігіне партияны тіркеу үшін құжаттар тапсырылды. Рауан Кенжеханұлы ұйымдастыру комитетінің мүшесі ретінде белсенді қатысты және партияның идеологиялық бағытын насихаттады.
Марапаттары
- Парасат ордені (2026)
- Құрмет ордені (2016)
- Астанаға 10 жыл медалі (2008 жыл)
- Жыл Уикипедияшысы (2011)
Қосымша деректер
TEDxAlmaty (2012) конференциясындағы сөзі
Сарасөз бағдарламасы, Abai TV
ER-BATYR. Тимур Балымбетовпен сұхбат
Ұлттық код дегеніміз – тіл /Есен Елеукен
Жаңа Қазақстан қалай құрылу керек? Оған адами капитал индексі қалай әсер етеді?
Абайдың жолы. Рауан Кенжеханұлының дәрісі
Абайдың жолы. Рауан Кенжеханұлының дәрісі
- Алфавит бойынша тұлғалар
- 1 мамырда туғандар
- 1979 жылы туғандар
- Тарбағатай ауданында туғандар
- Құрмет орденінің (Қазақстан) иегерлері
- Астанаға 10 жыл медалінің иегерлері
- Қазақстан қоғам қайраткерлері
- Қазақстан журналистері
- Қазақстан дипломаттары
- Қазақстан кәсіпкерлері
- Әділет партиясының мүшелері
- Уикипедияшылар
