| Томирис | |
| Жанры | Тарихи фильм |
|---|---|
| Режиссёрі | Ақан Сатаев |
| Продюсері | Ақан Сатаев |
| Сценарийдің авторы | Темір Жақсылықов |
| Басты рөлдерде | Әлмира Тұрсын |
| Операторы | Хасанбек Кыдыралиев |
| Сазгері | Әлім Заиров |
| Кинокомпания | Қазақфильм |
| Ұзақтығы | 195 минут |
| Бюджеті | $6 500 000 |
| Мемлекет |
|
| Тілі | Көне түркі тілі |
| Шыққан жылы | 2019 |
| IMDb | |
«Томирис» — қазақстандық тарихи көркем фильм, ежелгі көшпелі халықтардың патшайымы Томирис туралы туынды. Фильмді режиссер Ақан Сатаев түсірген, бас продюсері — Әлия Назарбаева, Қазақстанның экс-президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың кенже қызы. Картина 2019 жылы жарық көрді.
Томиристің өмір жолын баяндайтын тарихи көркем туынды. Картинада кішкентай қыздың ержүрек жауынгерге айналып, жақындарын жоғалту қайғысын өткеріп, опасыздардан кек алып, сақ тайпаларын өз билігіне біріктіргені суреттеледі. Томириске өз махаббаты мен халқының еркіндігі үшін күресіп, мұқтажсыз Персия патшасы Кирмен болған ең сұрапыл шайқаста ел тағдырын шешу жазылған.
Мазмұны
Фильмнің оқиғасы б.з.д. VI ғасырда өмір сүрген дала патшайымы — скифтердің көшпелі мал шаруашылығымен айналысқан тайпасының көсемі Томирис туралы оқиғаға құрылған. Бұл халық шамамен қазіргі Қазақстан аумағында өмір сүрген деп саналады. Сюжет бойынша сақ-массагет тайпаларының патшайымы Томирис өз елін парсы патшасы Кирдің шапқыншылығынан қорғайды. Сценарий ежелгі грек тарихшысы Геродоттың еңбегіндегі мәліметтерге сүйенеді, онда Томирис массагеттер әскерін бастап, Кирді жеңіп, оның басын қанға толы меске салғаны баяндалады.
Кино желісінің басында Томирис дүниеге келген сәтте оның анасы босану кезінде қайтыс болады. Өскен сайын қыз соғыс өнерін меңгеріп, өмір сүру мен жауға қарсы тұрудың жолдарын үйренеді. Кейінірек сатқындар оның әкесін өлтіреді, ал Томирис өз елі ішіндегі жаулардан қашуға мәжбүр болады.
Режиссер Ақан Сатаев фильм жасауда «Геродоттың тарихи сипаттамасын негізгі дереккөз ретінде қолдандық» деп мәлімдеген. Сонымен қатар, картинада ортағасырлық ойшыл әл-Фараби кейіпкері арқылы баяндау тәсілі енгізілген.
Фильмдегі қосалқы кейіпкерлер негізгі оқиғаның өрбуіне жол ашып, бірінен соң бірі қаза табады, осылайша Томирис тұлғасының қалыптасуы мен дамуын айқындайды. Жақындарын жоғалтқан патшайым жартылай тірі күйде далада кезіп жүріп, негізінен батыр әрі жауынгер әйелдерден құралған достық пиғылдағы бір қауымға тап болады. Онда ол ержүрек жауынгерге айналады.
Фильмнің ұзақтығы шамамен екі жарым сағат және оның негізгі бөлігі Томирис пен парсы патшасы Кир арасындағы соғысқа арналған. Сценарийдің көркем интерпретациясы бойынша, бұл соғыстың басты себебі — Кирдің адамдары Томиристің күйеуі мен ұлын өлтіріп, оның отбасын қырғынға ұшыратуы. Бұл оқиға Томиристің кек алу жолындағы шешуші шайқасқа шығуына себеп болады.
Прототип
Кир патшаның өмірі мен өлімі жайлы деректердің көбі ежелгі грек тарихшысы Геродоттың еңбектерінен белгілі. Геродоттың айтуынша, Кир б.з.д. 530 жылы массагеттермен соғыста қаза тапқан. Патшайым Томирис оның басын қанға толы меске салуды бұйырған.
Томирис пен Кир арасындағы шайқас — сақ-массагеттер мен парсылар арасындағы тарихи соғыс. Геродоттың жазуынша, Парсы патшасы Кир сақ-массагеттерді бағындыру үшін үлкен әскермен шабуыл жасайды. Алдымен Кир Томириске елші жіберіп, үйленуге ұсыныс жасайды, бірақ Томирис патшайым бұл ұсынысты қабылдамайды.
Кир өзеннен өтіп, массагеттерге тұтқиылдан шабуыл жасап, Томиристің ұлы Спаргаписті тұтқынға алады. Кейін Спаргапис тұтқыннан босап, өзіне қол жұмсайды. Осыдан кейін ызаға булыққан Томирис әскері парсыларға қарсы шешуші ұрыста басым түседі.
Шайқаста Кир қаза табады. Томирис оның басын қанға толтырылған меске салып: «Сен қанға құмартып едің, енді шөлің қансын!» деп айтады. Геродот бұл оқиғаны «барлық ұрыстардың ішіндегі ең сұрапылы» деп сипаттап, шайқаста сақ әйелдерінің де ерлік көрсеткенін атап өтеді.
Шығармашылық топ
Фильмнің бас продюсері және сценарийдің тең авторы — Әлия Назарбаева. Ол бұған дейін де Ақан Сатаевтың «Анаға апарар жол» фильмін продюсер ретінде жасаған. Бұл туынды мемлекеттік сыйлыққа ие болған.
Фильмнің сценарийін Әлия Назарбаева және Тимур Жақсылықов жазған. Тарихшы консультант, материалды мәдениет саласының маманы – Алмас Ордабаев. Костюм бойынша суретші – Әсел Шалабаева, продюсер – Анна Чакиртова. Каскадерлік элементтерді қоюшы – Жайдарбек Кунгужинов және Nomad Stunts тобы.
«Томирис» фильмі Мәдениет және спорт министрлігінің тапсырысы бойынша түсіріліп, «Қазақфильм» киностудиясы мен Sataifilm компаниясының бірлескен жобасы ретінде жүзеге асты.
Түсірілім жұмыстары 2017 жылдың желтоқсанында басталып, Алматы облысындағы Заречный ауылында, сондай-ақ Жаркент, Шонжы, Бурабай және Баянауыл өңірлерінде өтті.
Фильм үшін Вавилон қаласының үлкен декорациясы арнайы салынды. Барлық костюмдер, қару-жарақ, арбалар, әшекей бұйымдар мен тұрмыстық заттар тарихи реконструкция негізінде жаңадан жасалды.
Көрермен экраннан көретін барлық дүниелер — декорациялар, киімдер, қару-жарақ, арбалар, ат әбзелдері, тұрмыстық заттар мен әшекейлер — барлығы фильмнің бас суретшісі Қуат Тлеубаевтың жетекшілігіменарнайы осы картина үшін алғаш рет жасалған. Картинаның қоюшы – операторы— Хасан Қыдыралиев.
Жобаға қазақстандық және шетелдік ғалымдар, суретшілер мен компьютерлік графика мамандары тартылды. Кейіпкерлер сөйлейтін тілдер де тарихи тұрғыдан бейімделді — сақтар ежелгі түркі тілінде, ал парсылар көне парсы тілінде сөйлейді.
Фильмнің тұсаукесері 2019 жылғы 25 қыркүйекте Нұр-Сұлтанда, ал келесі күні Алматыда өтті. Премьераға елдің жоғары лауазымды тұлғалары — сенат спикері Дариға Назарбаева, вице-премьер Бердібек Сапарбаев, мемлекеттік хатшы Қырымбек Көшербаев, елорда әкімі Алтай Көлгінов және басқа шенеуніктер қатысты. Картинаны түсіруге барлығы 93 түсірілім күні кеткен. Ал фильмге дайындық, түсірілім және постпродакшн кезеңдерін қоса есептегенде, жобаға жұмсалған жалпы уақыт екі жарым жылды құраған.
Рөлдерде
| Актёрлер | Рөлі |
|---|---|
| Әлмира Тұрсын | Томирис (Тұмар ханша) |
| Әділ Ахметов | Арғұн |
| Еркебұлан Дайыров | Харасп |
| Берік Айтжанов | Құртұн |
| Азамат Сатыбалды | Қаваз |
| Гассан Массуд | II Кир |
| Салтанат Серкебаева | 15 жастағы Томирис |
| Лия Фомина | 10 жастағы Томирис |
| Мұрат Бисембин | Спарғап |
| Айжан Лайг | Сардана |
| Аян Өтепберген | Тирас |
| Асылхан Төлепов | Томирис ұлы Спарғап |
| Назым Туляходжаев | Губар |
| Асхат Үрпеков | Абыз |
| Байкенже Белбаев | Сауроматтардың тайпабасы Атеи |
| Ерік Жолжақсынов | Дахтардың тайпабасы Сапраш |
| Дінмұхамед Әкімов | Парадарайя сақтарының тайпабасы Ағар |
| Жанат Тінбаев | Парадарайя сақтарының 2-тайпабасы |
| Қуандық Қыстықбай | Тиграхауд сақтарының тайпабасы |
| Азамат Шарғын | Аримаспылар тайпабасы |
| Назгүл Қарабалина | Намай |
| Әсел Қалиева | Бопай |
| Кәмшат Жолдыбаева | Шапи |
| Алмас Ордабаев | Әбу Насыр әл-Фараби |
| Болат Ұзақ | Сапақ қолбасшы |
Басты рөлде
«Томирис» фильмінің басты рөліне актриса таңдау мақсатында республикалық кастинг жарияланып, бірнеше айға созылды. Томирис бейнесін сомдауға 20-дан астам қазақстандық актриса үміткер болды. Олардың арасында Әсел Сағатова, Қарлығаш Мұхамеджанова, Бибігүл Сүйіншалина және Аружан Жазильбекова сияқты танымал есімдер бар еді.
Фильмнің басты кейіпкері — Томирис рөлін 28 жастағы Әлмира Тұрсын сомдады. Бұған дейін ол ешқашан киноға түспеген және кәсіби актерлік білімі болмаған. Актрисаның айтуынша, оның фотосуреті кездейсоқ кастинг-директоры Жайна Әбдиеваның қолына түскен, ал 2018 жылдың наурыз айында режиссерлік топ оны Instagram арқылы шақырған.
Томиристің балалық және жастық шағын Лия Фомина мен Салтанат Серікбаева бейнелеген.
Парсы патшасы Кирдің рөлін голливуд актері Ғассан Масуд орындады — ол бұған дейін Ридли Скоттың «Аспан патшалығы» фильмінде Саладиннің бейнесін сомдаған.
Фильм түсіріліміне жалпы 600-ге жуық адам жаппай көріністерге (көпшілік сахналарға) қатысты. Басты және қосалқы рольдерге кастингке 10 мың адам қатысты, ал басты рөлге 200 қыз бала қатысып, 20 іріктелді.
Пікірлер мен сын
Кейбір журналистер мен әлеуметтік желі қолданушылары фильмді «саяси астары бар жоба» деп бағалады. Киносыншы Төлеген Байтукeнов фильмді «Дариға Назарбаеваның сайлауалды бейнеролигі» деп атаған. Алайда режиссер Ақан Сатаев бұл пікірлерді жоққа шығарып, «өнер мен саясатты шатастыруға болмайды» деген ұстанымын білдірді.
Бұрынғы Жоғарғы сот төрағасы, сенатор Бектас Бекназаров бұл пікірлерге қарсы шығып, фильм әйелдердің қоғамдағы тарихи рөлін көрсететін мәдени туынды екенін атап өтті.
«Томирис» фильмі қазақ киноөнерінде әйел тұлғасын тарихи тұрғыдан бейнелеген алғашқы ірі жоба ретінде бағаланады. Көрермендердің пікірінше, фильм ел тарихына, әйелдің қоғамдағы орнына және ұлттық санаға жаңа көзқарас ұсынды.
Кейбір ирандық көрермендер Томирис бейнесінің интерпретациясына қарсы шығып, оны парсы тегінен шыққан тұлға деп санады. Олар режиссер Ақан Сатаевтың Instagram парақшасында тарихты бұрмалау туралы пікірлер қалдырған.
Фильм шыққан кезде тағы бір дау тудырған мәселе — туындының қазақ тіліндегі нұсқасы кешігіп шығуыболды. Сатаев мұны латын ғаріптерімен жазылған титрлердегі грамматикалық қателермен түсіндірді. Оның айтуынша, қазақша нұсқа дайын болған, бірақ құқықтық себептермен оны кинотеатрларда көрсетуге рұқсат берілмеген.
Тарихшы Жақсылық Сабитов бұл туралы былай дейді:
«Геродоттың әңгімесі тарихи негізге ие. Түрлі деректерде Кирдің сақтармен шайқаста қаза тапқаны айтылады. Сондықтан оның дерегіне белгілі бір деңгейде сенуге болады. Бірақ фильмдегі оқиға – режиссердің көркем қиялының нәтижесі».
Ғалым сондай-ақ Қазақстанда Томирис бейнесін жиі Болат Жандарбековтың «Сақтар» романындағы көркем кейіпкермен шатастыратынын атап өтеді. Кинотанушы Инна Смаилованың пікірінше, фильмнің көркемдік ауқымы кең болғанымен, драматургиясы әлсізжәне кейіпкерлер терең ашылмаған:
«Фильмнің ортасында оқиға баяулайды. Томирис пен Кирдің бейнелері толық ашылмаған, сюжеттік желі үзіліп, тартымдылығын жоғалтады».
Кино сыншы Дана Әмірбекова бұл туындыны «феминистік фильм» деп атап, Томиристің ерлермен тең дәрежеде билік жүргізетін батыр әйел бейнесін ерекше бағалады:
«Томирис — әйел-жауынгер, оның күйеуі екінші орында. Бұл — әйелдің көшбасшылық бейнесін дәріптейтін фильм».
Фильмде көне түркі тілі қолданылған, бірақ бұл актерлердің ойынын шектеп, эмоцияны жеткізуге кедергі келтіреді. Диалогтар кейде жасанды және баяу әсер қалдырады.
Басты суретші Қуат Тлеубаев бастаған шығармашылық топ костюмдер мен тұрмыстық бұйымдарды тарихи дәлдікпен қайта жасаған.
Қаржы мәселелері
Фильмді түсіруге 2,5 млрд теңге жұмсалған. Прокатқа шыққан соң алғашқы айда 480 миллион теңге (1.2 миллион АҚШ доллары) жинады. Бастапқы кезде фильмді күніне 700 рет көрсеткен, кейін 800 дейін көбейтілді.
Халықаралық прокат
«Томирис» фильмінің халықаралық дистрибуциясы ауқымды географияны қамтыды. Фильм 10-нан астам тілге аударылды. Amazon Prime платформасында фильмге 5 баллдан 4,4 берілген. Картинаны түрлі елдерде көрсету құқықтарын төмендегі компаниялар сатып алды:
- Blue Swan — Италия;
- SND Films — Франция;
- Art Mood — Испания;
- AT Entertainment — Жапония;
- Gulf Film — Таяу Шығыс елдері;
- Challan — Оңтүстік Корея;
- Paradise / MGN — ТМД елдері;
- Shaw — Сингапур;
- Program 4 Media — Румыния;
- Siyah Bayez Movies — Түркия.
- Well Go USA – АҚШ
Марапаттары
- L"Etrange Festival кинофестивалінің Nouveau Genre секциясында Гран-при сыйлығы (2020)
- Халықаралық каскадерлер академиясының Таурус премиясы (АҚШ)
Дауар
«Қазақфильм» мен Sataifilm арасындағы дау
«Қазақфильм» киностудиясы мен режиссер Ақан Сатаевтың продюсерлік орталығы Sataifilm арасында «Томирис» фильмінің өндірісіне байланысты қаржылық дау туындады. Sataifilm орталығы сотқа жүгініп, «Қазақфильмнен» 9 333 333 теңге көлемінде төлемді толық өтеуді талап етті. Компанияның уәжінше, фильм бойынша барлық жұмыстар атқарылған, алайда шартта нақты есептік құжаттардың тізімі көрсетілмеген, сондықтан тапсырыс беруші жұмысты ресми түрде қабылдамаған.
Өз кезегінде «Қазақфильм» өкілдері жұмыстың орындалғанын мойындағанымен, құжаттар толық тапсырылмағандықтан, төлемді кешіктіріп отырғандарын айтты. Сонымен қатар, студияның заңгерлері Sataifilm-ді мемлекеттік сатып алу жүйесіндегі «адал емес қатысушы» деп тану туралы қарсы талап берді.
- Алфавит бойынша фильмдер
- 2019 жылғы фильмдер
- 2019 жылғы Қазақстан фильмдері