| Бұхара хандығының ханы (Бұхара ханы) | |
| Ресми резиденциясы | |
|---|---|
| Лауазым пайда болды | 1500 жыл |
| Алғашқысы | |
| Соңғысы | Әбілғазы хан |
| Лауазым ыдыратылды | 1785 жыл |
Бұхара хандығының ханы, сондай-ақ Бұхара ханы (өзб. Buxoro xoni / Бухоро хони) ретінде белгілі — 1500 жылдан 1785 жылға дейін Бұхара хандығындағы жоғарғы мемлекеттік лауазым.
Бұхара хандығында хан лауазымын өзбектің Шайбанилер, Аштарханидтер және Маңғыт әулеттерінен шыққан билеушілер иеленген.
Шайбанилер әулеті (1500–1601)
Өзбектің Шайбанилер әулетінің негізін қалаушы Шайбани хан (1500–1510) Мәуереннахрдағы Темір әулетінің мемлекетін жаулап алып, Шайбанилер мемлекетін құрды.
Оның жиені Ұбайдулла хан (1533–1540) 1533 жылы мемлекет астанасын Самарқаннан Бұхараға көшірді. Осы уақыттан бастап Шайбанилер мемлекеті Бұхара хандығы деп атала бастады. Бұл әулеттің ең соңғы ханы II Пірмұхаммед хан (1598–1601) болды.
Аштархан әулеті (Жәнилер) (1601–1753/85)
Аштархан әулетінен шыққан алғашқы хан Жәни Мұхаммед (1601–1603), ал соңғысы — Әбілпейіз хан (1711–1747) болды. 1753 жылы Аштарханилер тақты өзбектің Маңғыт руының көсемі әрі Маңғыттар әулетінің негізін қалаушы Мұхаммед Рахымға беріп, іс жүзінде биліктен айырылды, дегенмен 1785 жылға дейін номиналды түрде Бұхара хандары болып саналды.
Маңғыт әулеті (1753/85–1920)
1747 жылы Әбілпейіз хан өлтірілгеннен кейін, іс жүзіндегі билік толығымен өзбектің Маңғыт әулетінің негізін қалаушы Мұхаммед Рахымның (1747–1758) қолына өтті. Ол 1753 жылға дейін елді аталық лауазымымен, ал 1756 жылға дейін әмір лауазымымен басқарды. Ол Әбілпейіз ханның мұрагерлері — аштархандық Әбділмүмін ханды (1747–1751), III Ұбайдулла ханды (1751–1754) және Шерғазы ханды (1754–1756) номиналды хандар етіп тағайындады.
Маңғыттар Шыңғысхан әулетінен (төре) болмаса да, 1756 жылы Мұхаммед Рахым өзін хан деп жариялады.
Маңғыттардың өзбек әулетінің негізін қалаушы Мұхаммед Рахым хан 1758 жылы қайтыс болғаннан кейін, артында ұл бала қалмауына байланысты, бастапқыда оның қызынан туған жиені — Фазыл би (1758–1758), содан соң аштархандық Әбілғазы хан (1758–1785) хан болып сайланды. Бірақ мемлекеттегі іс жүзіндегі билік аталық лауазымын місе тұтқан Мұхаммед Рахым ханның ағасы — Даниял бидің қолында болды.
Даниял би мен Әбілғазы хан қайтыс болғаннан кейін, Даниял бидің ұлы Шахмұрат мемлекетті әмір лауазымымен басқара бастады және содан кейін Бұхара әмірлері таққа номиналды хандарды отырғызған жоқ.
Бұхара хандығы хандарының тізімі
| № | Хан | Өмір сүрген жылдары | Билік құруы | Ескертпе |
|---|---|---|---|---|
| 1 | Шайбани хан | 1451–1510 | 1500–1510 | Шайбани әулетінің негізін салушы. |
| 2 | Сүйінішқожа хан | 1454–1525 | 1511–1512 | |
| 3 | Көшкінді хан | 1452–1530 | 1512–1530 | |
| 4 | Әбу Саид хан | 1472–1533 | 1530–1533 | |
| 5 | I Ұбайдулла хан | 1487–1540 | 1533–1540 | |
| 6 | I Абдолла хан | 1490–1540 | 1540–1540 | |
| 7 | Әбділазиз хан | 1513–1550 | 1540–1550 | Бұхарада билік етті. |
| 7 | Әбділәтіп хан | 1495–1552 | 1540–1551 | Самарқанда билік етті. |
| 8 | Бұрхан сұлтан | ?–1557 | 1552–1557 | Бұхарада билік етті. |
| 8 | Наурыз Ахмет хан | 1510–1556 | 1551–1556 | Самарқанда билік етті (Барақ хан). |
| 9 | Пірмұхаммед хан I | 1511–1561 | 1556–1561 | |
| 10 | Ескендір хан | 1512–1583 | 1561–1583 | |
| 11 | II Абдолла хан | 1534–1598 | 1583–1598 | |
| 12 | I Абдалмүмін хан | 1568–1598 | 1598–1599 | |
| 13 | II Пірмұхаммед хан | 1570–1601 | 1598–1599 | Шайбани әулетінен шыққан соңғы хан. |
| 14 | Бақи Мұхаммед | 1579–1605 | 1603–1606 | Аштархани әулетінен шыққан хан. |
| 15 | Уәли Мұхаммед | ?–1611 | 1606–1611 | |
| 16 | Имамқұл хан | 1583–1644 | 1611–1642 | |
| 17 | Нәдір Мұхаммед | 1594–1651 | 1642–1645 | |
| 18 | II Әбділәзиз хан | 1614–1683 | 1645–1681 | |
| 19 | Сұбханқұл хан | 1625–1702 | 1681–1702 | |
| 20 | II Ұбайдулла хан | 1675–1711 | 1702–1711 | |
| 21 | Әбілпейіз хан | 1687–1747 | 1711–1747 | Аштархани әулетінен шыққан соңғы билеуші. |
| 22 | Әбділмүмін хан | 1738–1751 | 1747–1751 | Аштархани әулетінен шыққан алғашқы атаулы (номиналды) хан. |
| 23 | III Ұбайдулла хан | 1747–1754 | 1751–1754 | |
| 24 | Әбілғазы хан | ?–1785 | 1754–1756 | |
| 25 | Мұхаммед Рахым хан | 1713–1758 | 1756–1758 | Маңғыт әулетінен шыққан алғашқы хан. |
| 26 | Фазыл би | 1752–1758 | 1758–1758 | Маңғыт әулетінен шыққан атаулы (номиналды) билеуші. |
| 27 | Әбілғазы хан | ?–1785 | 1758–1785 | Аштархан әулетінен шыққан соңғы атаулы (номиналды) хан. |
Әдебиет
- История государства и права / Под ред. Н. П. Азизов, Ф. Мухитдинова, М. Хамидова и др.. — Ташкент: Издательство Академии МВД Республики Узбекистан, 2016. — С. 175. — 335 с.
- Тревер К. В., Якубовский А. Ю., Воронец М. Э.: История народов Узбекистана, том 2. — Ташкент: АН УзССР, 1947. — 517 с.
- Бұхара хандары